Министр Бейсембаев салған тыйымның нәтижесі осы ма?

0
345

Биылғы жаңа жыл мерекесінде бастауыш сынып оқушылары сыйлықсыз қалмақ деп жазады Democrat.kz.

«Бұған дейін де айттық, тағы да қайталап айтамыз, мектепте ақша жинауға тыйым салынған. Бітіру кешіне де, басқа іс-шараларға да ақша жинауға болмайды. Жаңа жылға да сыйлыққа ақша жинауға болмайды. Біз бар күшімізді бала тәрбиесіне жұмсауымыз керек», — деді жақында ғана Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Дұрыс, мектепте оқушылардан түрлі іс-шараларға ақша жиналуы — жемқорлыққа ашылған алғашқы жол. Алайда биыл еліміздегі мектептерде жаңа жылдық сыйлыққа да тыйым салынуда.

Жаңа жыл қарсаңында ата-аналар жыл сайын бастауыш сыныптағы балаларына өздері ақша жинап, шағын сыйлық жасайтын. Өкінішке қарай, биылғы балалар бұл сыйлықтан қағылмақ.

Жаңа жылдық іс-шараға барған балақайлар биыл «аяз ата сараң екен» деп қайтатын болды.

Бір уыс кәмпит салынған дорба сыйлығы жоқ жаңа жылдық іс-шараның сәні де қалмайтын шығар енді.

Десек те, балалардың жаңа жылдық кәмпит дорбасына тыйым салмастан бұрын министр Ғани Бейсембаев әлеуметтік желідегі жоғары сынып оқушыларының ақшаны желге шашып жатқан видеоларына да бір назар салса, дұрыс болар еді.

Төмендегі видеода Шымкенттегі №86 мектептің 11 сынып оқушылары «мектепте ақша жиналмасын» дегендерге жалынды сәлем жолдап жатқандай. Қымбат көлік, тікұшақ, қымбат киімдер…

Видеоға қатысты жазылған пікірлерден түйгеніміз — 11 сынып оқушылары виньеткаға түсу үшін осылай дайындалған. Видео авторы осы «кереметтері» үшін «620» кеткенін жазыпты. 620 теңгеге мынадай тікұшақтың жанында суретке түсуге рұқсат бермейтінін ескерсек, «620» деп отырған санның артында бірнеше нөлдік бары анық.

Министр ана жақта жаңа жылдық сыйлыққа дейін тыйым салдық деп отыр. Ал мына жақта оқушылары тікұшақ, гелик жалдап виньеткаға суретке түсіп жүр. Қазірден осындай дайындыққа кіріскен бұл оқушылар бітіру кешін қалай өткізетінін пайымдай беріңіз.

Ал министр Ғани Бектайұлы «мектеп ақша жинаудың бәріне тыйым салғанбыз» деп сенімді түрде алаңсыз айтып отыр.

Министрліктің мектепте ақша жинауға салынған тыйымының нәтижесі осы болса, дорба толы кәмпитті сөз етудің өзі артық қой.

Дайындаған — Мәриям КЕНЕСАРЫ.

Democrat.kz.

Фото видеодан скринделіп алынды.