Қазақ елінің ең маңызды күні, ең ерекше мерекесі саналуға тиіс 16 желтоқсанда көк байрағымызды көлігінде желбірете таққан бірқатар аймақтардың көлік жүргізушілері айыппұл арқалады деп жазады Democrat.kz.
ТикТок әлеуметтік желісінде тараған ондаған видеоларда көлігіне көк байрақты іліп, желбірете, асқақтата көшемен жүрген көлік жүргізушілерін полиция қызметкерлері тоқтатып жатқанын байқауға болады.
Негізінен "Тәуелсіздікке тағзым" атты бұл челенджді бір апта бұрын ел азаматтары бастап, "Тәуелсіздікке жасалған бұл құрметіміз үшін айыппұл кессе, оған да көндік" деген болатын.
Азаматтар сөзінде тұрып, Тәуелсіздік атты ұлы күні көліктеріне көк байрақты іліп, көшеде жүрген видеоларын жариялады. Өкінішке қарай, челенджді жалғастырған кей көлік иелерін полицейлерін тоқтатқан.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік рәміздер туралы» заңында мемлекеттік туды қоғамдық көлікке ілуге немесе орнатуға тыйым салатын норма қарастырылмаған. Заңда мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау — әр азаматтың міндеті екені көрсетілген.
Соған қарамастан, өз елінде өз байрағын алып жүрген азаматтарды полицейлердің тоқтатқанын жұрт түсінбей дал.
"Күллі Еуропаны осы көк туымды жамылып, көлігімде желбірете тағып араладым. Жолда кездескен тәртіп сақшылары құрмет көрсетіп, ақ жол тіледі. Ал өз елімде, Тәуелсіздік атты ерекше күнде көлігіме ту таққаным үшін ескерту алдым" деген азамат полицейлер өзіне айыппұл салмақ болғанын айтады.
Дәл осыған ұқсас жағдайлар еліміздің әр өңірінде орын алған. Әлеуметтік желіде тәртіп сақшыларының мұндай әрекеттеріне наразылық білдіріп жатқан кісі саны өте көп. "Өз елімізде туымызды қастерлеп, желбірете алмасақ, біз кімбіз?" Дегенге саятын пікірлер қарша борауда.
Дайындаған Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.