Қазақстандық 22 жасар Әлішер Шариязданов еліміздегі ең жас "долларлық миллионер" атанды деп жазады Democrat.kz.
Әлішер Шариязданов – әлемдік деңгейде табысқа жеткен Higgsfield AI стартап-компаниясының Founding Growth Manager лауазымын атқарады. Digital Business сайтының дерегінше, компанияның құны 2023 жылдың қазан айында 1,2 млрд доллар деп бағаланған. Осылайша, компания қызметкерлерінің үлеске байланысты табысы да артқан.
Higgsfield AI – жасанды интеллект көмегімен бейне және фотоконтент жасайтын генеративті технологиялар платформасы. Стартаптың өнімін Трэвис Скотт, Мадонна, Уилл Смит сияқты әлемдік жұлдыздар және Coca-Cola, Audi, Paramount секілді ірі брендтер пайдаланады.
«Менің байлығым отбасылық бизнестен емес, өз еңбегіммен қалыптасты. Компанияның үлесін алған соң оның бағасы ай сайын өсіп келеді. Бұл – Қазақстандағы кез келген талантты жас өз еңбегімен үлкен нәтижеге жете алатынын дәлелдейді», – дейді Әлішер.
Жас кәсіпкердің пікірінше, көптеген дарынды жас үлкен корпорациядағы “тұрақтылық батпағын” таңдап, өз әлеуетін толық аша алмайды.
«Дарынды маманның ірі корпорациядағы тұрақтылықты таңдауы қате. Higgsfield-тің ерекшелігі – даму қарқынында, тәуекел мен еркіндікте. Мұнда әркім өсуге мәжбүр. Әр қызметкер – жаһандық өнімнің тең авторы. Ал қаржылай тұрғыда Higgsfield AI нарықтағы ең тиімді шарттарды ұсынады: жалақы доллармен беріледі, ал үлес компания бағасымен бірге өседі. Тыныш өмір іздейтін адамдарға бұл жер жарамайды. Мұнда тәуекел мен нәтижені таңдағандар ғана шыдай алады», – дейді ол.
Әлішердің айтуынша, жеңіл жол болмайды, бірақ көптің бірі секілді өмір сүріп кетуден қорқыныштысы жоқ.
«22 жасымда қолымнан келетінін дәлелдедім. Ендігі 10 жылда бұл кездейсоқ емес екенін дәлелдегім келеді. Барлық талантты жасқа айтарым: Higgsfield AI – үлкен істер атқарып, өз әлеуетіңді ашқың келетін жер. Мұнда Орталық Азиядан шыққан адамдар әлемдік деңгейдегі “декакорнды” (10 млрд долларлық компания) құрып жатыр. Біз таланттарға өз әлеуетін ашуға мүмкіндік береміз. Егер бізге қосылғың келсе, Telegram-да @higgsfieldcareers-ке жаз», – дейді ол.