«Екінші әйел алсаң...»: Садыр Жапаров еркектерге қатаң ескерту жасады

«Екінші әйел алсаң...»: Садыр Жапаров еркектерге қатаң ескерту жасады

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров отбасын тастап, басқа әйелге кететін ер адамдардың жауапкершілігі туралы өткір пікір білдірді. Мемлекет басшысы екінші әйелге үйленген еркек бұрынғы отбасы мен балаларын баспанасыз қалдырмауға тиіс екенін айтып, Жапонияны мысалға келтірді, деп жазады Democrat.kz.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Баткен ауданы мен Баткен қаласының тұрғындарымен кездесу барысында ажырасу, көп әйел алу және ер адамдардың бала-шағасының алдындағы жауапкершілігі мәселесін көтерді.

Бұл тақырып президентке жергілікті тұрғындардың бірі шағымданғаннан кейін қозғалған. Әйелдің айтуынша, күйеуі өзін үш баласымен бірге баспанасыз қалдырып кеткен.

Әйелдің жағдайын тыңдаған Садыр Жапаров Жапонияны мысалға алып, ажырасқан ер адамның бұрынғы отбасы алдындағы міндеттері туралы пікір білдірді.

«Жапонияда ажырасу деген жоқтың қасы. Мұндай жағдай өте сирек кездеседі. Неге екенін білесіздер ме? Өйткені заң қатал. Егер ер адам ажырасса, ол өмір бойы әйелі мен балаларын асырауға міндетті. Тіпті басқа әйелге үйленсе де, бірінші әйелі мен балаларының алдындағы жауапкершілігі өмір бойы сақталады», – деді Қырғызстан президенті.

Садыр Жапаров өз еліндегі кейбір ер адамдардың әрекетін де сынға алды.

«Ал бізде балаларын тастап, басқа әйелге үйленеді. Содан кейін баспана үшін тағы дауласады. Олар сенің балаларың ғой! Сен оларды асырауға міндеттісің», – деді ол.

Президенттің пікірінше, отбасынан кетуді шешкен ер адам балаларының баспанасыз қалмауын қамтамасыз етуге тиіс.

«Егер екінші әйел алатын болсаң, үйіңді балаларыңа қалдыр да, кете бер. Қазіргі еркектер мүлде бұзылып кеткен», – деп мәлімдеді Жапаров.

Кездесуде президентке шағымданған әйел өзінің күйеуімен заңды некеде тұрғанын, алайда жұбайы кейіннен екінші әйелмен де некесін ресми тіркегенін айтқан.

Осы мәселеге байланысты Садыр Жапаров Қырғызстан заңнамасына сәйкес екі ресми некенің тіркелуіне құқықтық баға берілуі керектігін атап өтті.

Президент құзырлы органдарды аталған жағдайды тексеріп, тиісті шаралар қабылдауға шақырды.

Осылайша, Қырғызстан басшысы ажырасу мен екінші әйел алу мәселесін ер адамның жеке таңдауы ғана емес, оның бұрынғы отбасы мен балаларының алдындағы жауапкершілігі тұрғысынан қарастырды.

 

Барлық жаңалықтар