Қазақстанда лицензиясыз несие беретін интернет-платформаларға қатысты тексерулер күшейді. Бас прокуратураның мәліметінше, жыл басынан бері заңсыз микрокредит беру бойынша 19 қылмыстық іс тергелген. Оның төртеуі рақымшылыққа байланысты тоқтатылған, ал он іс сотқа жіберілген, деп жазады Democrat.kz.
Қазақстанда заңсыз микрокредит беру қызметіне қатысты жаңа мәліметтер жарияланды.
Бас прокурор Берік Асылов депутаттық сауалға берген жауабында жыл басынан бері заңсыз микрофинанстық қызмет бойынша 19 қылмыстық іс тергелгенін хабарлады.
Олардың он ісі сотқа жолданған, ал төртеуі рақымшылық негізінде тоқтатылған.
Мәселе Құрылтайдағы «Ақ жол» фракциясы депутаттарының сауалынан кейін көтерілген.
Депутаттар лицензиясыз жұмыс істейтін онлайн несие платформаларының қызметіне назар аударған.
Олардың мәліметінше, кейбір интернет-ресурстар банктер мен заңды микроқаржы ұйымдарынан несие ала алмаған азаматтарға жоғары пайызбен ақша ұсынады.
Мұндай платформалар азаматтардың биометриялық деректерін жинап, ақшаны үшінші тұлғалардың банк карталары арқылы аударуы мүмкін.
Депутаттық сауалда Alem Credit платформасының қызметі мысал ретінде келтірілген.
Ондағы кейбір қарыздар бойынша пайыздық мөлшерлемелер заңда белгіленген шектен бірнеше есе жоғары болғаны айтылған.
Бас прокуратураның мәліметінше, 13 тамызда Алматы қаласының экономикалық тергеп-тексеру департаменті аталған интернет-платформаға қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастаған.
Тексеру барысында сегіз заңды тұлға мен жеті жеке тұлғаның шоттары пайдаланылғаны анықталған.
18 тамызда платформаға байланысты интернет-ресурстарға қолжетімділік шектелген.
Қазіргі уақытта тергеушілер заңсыз қызметті ұйымдастырған адамдарды, зардап шеккен азаматтарды және қолданылған төлем құралдарын анықтап жатыр.
Бас прокуратура интернетте жаңа атаумен пайда болатын заңсыз несие сайттарын автоматты түрде анықтау жүйесін енгізу мәселесі қарастырылып жатқанын хабарлады.
Мамандар азаматтарға несие рәсімдемес бұрын қаржы ұйымының лицензиясын және келісімшарттағы нақты пайыздық мөлшерлемені тексеруге кеңес береді.