Мұғалімдер үшін ең мәртебелі саналатын атақтардың бірі кейде қуаныштан гөрі күдік пен өкінішке себеп бола ма? Жеті жыл бойы арманына жету үшін еңбек еткен ұстаз еліміздегі беделді байқаудың көлеңкелі тұстарын айтып, білім жүйесіндегі әділдік мәселесін көтерді, деп жазады Democrat.kz.
Әлеуметтік желіде білікті педагог Гүлжазира Бекболатқызы «Үздік педагог» байқауына қатысты өткір жазба жариялады. Ол байқауға қатысу тәжірибесін баяндап, мұғалімдер арасындағы мүмкіндіктер теңсіздігіне және марапат алған педагогтердің кейінгі қызметіне қатысты ойымен бөлісті.
«Үздік педагог» байқауы дегеніміз – мұғалімдер әлемінің «Оскары» ғой! Бірақ бұл бәйгеге қатысқан адамның жүйкесі шынығып, бойында аздап «философ» қасиет оянатыны анық. Бастан кешкен кейбір дүниелерге қарап отырып, күлеріңді де, жыларыңды да білмейсің», – деп бастады жазбасын педагог.
Жеті жылдық дайындық пен күтпеген жағдай
Гүлжазира Бекболатқызының айтуынша, ол «Үздік педагог» байқауы туралы алғаш рет 2012 жылдың желтоқсанында естіген. Сол кезден бастап осы атақты алуды мақсат етіп, жеті жыл бойы дайындалған.
«Ақыры 2019 жылы бұл атаққа қол жеткіздім. Оған дейінгі 7 жылдық дайындықты айтсаңызшы! Заңды түгел жаттап, әр пунктуарлық талабына дейін зерделеп, мектепішілік іріктеуден өтіп, 2016 жылы Астана қалалық кезеңінде үздік 10-дыққа ілініп, сол жылы РФМШ-ға ауысып, 2019 жылы еңбек демалысында тыным таппай портфолио жинап, сабақ түсіріп жүгіргенім әлі көз алдымда», – деп еске алады ол.
Ұстаз өзінің ұзақ жылғы еңбегін қазіргі кейбір үміткерлердің дайындығымен салыстырған.
«Ал қазіргі кейбір «шабандоздарды» көріп қызық боласың: әуелі дайындалып, артынша шу шығарып, «Е-Өтініштің» есігін тоздырып жүргені. Оңай олжаға кенелгісі келетіндер мен жүлдені бөлісетін басшылардың бары да өмір шындығы. Дәлелдер де жетерлік, бірақ бәрін айта бермейін», – деп жазды педагог.
Бұл жерде автор байқауға қатысты әділетсіздік болуы мүмкін екенін меңзегенімен, нақты тұлғалар мен дәлелдерді жарияламаған.
«Ауыл мұғалімі мен элиталық мектептің мүмкіндігі бірдей ме?»
Жазбадағы ең өткір мәселелердің бірі – қарапайым ауыл мектептері мен республикалық мәртебесі бар білім ұйымдары арасындағы бәсекелестік.
Автор «Үздік педагог» байқауында барлық мұғалімге тең мүмкіндік беріліп отыр ма деген сұрақ көтерген.
«Ал енді ең қызық, ең тәтті жеріне келейік! Олимпиадаларда оқушылардың арасында арнайы іріктеулер бар емес пе? Ал «Үздік педагогке» келгенде... тамаша көрініс!» – дейді ол.
Педагог ауылдағы мұғалімдердің аудандық, облыстық кезеңдерден өтуге мәжбүр екенін, ал республикалық мәртебесі бар кейбір мектептердің педагогтері мұндай сатылардан өтпей-ақ республикалық деңгейдегі байқауға қосылатынын сынға алған.
«Ауылдың аудандық, облыстық жолын тоздырып, тау мен тасты, бұрылыстарды бағындырып жүріп келген қарапайым мұғалім қайда, республикалық статусы бар РФМШ, НИШ, Абай, Бөбек сияқты «элиталық» мектептердің тікелей республикаға келіп қосыла салғаны қайда?» – деп сұрайды ұстаз.
Ол мұндай жағдайда мұғалімдердің мүмкіндігі мен бәсекеге түсу шарттарының қаншалықты тең екенін түсінгісі келетінін жеткізген.
«Бұлар неге өз арасында облыстық немесе республикалық іріктеу кезеңдерін өткізбейді?» – дейді автор.
Гүлжазира Бекболатқызы бұл мәселені спорт жарыстарындағы әділ бәсекемен салыстырған.
«Бұл дегеніміз – ауыр атлетикадан ауылдың қара баласы мен штангасын шетелден алдырған «ақсүйек» спортшыны бір салмаққа қатар қоя салғанмен бірдей емес пе?! Екеуінің жағдайы, ресурстары, контингенті жер мен көктей емес пе еді? Әділдік қайда?» – деп жазды ол.
Автордың пайымдауынша, мұғалімдердің кәсіби жетістігін бағалағанда олардың жұмыс істейтін ортасы, мектептің материалдық мүмкіндігі және оқушылардың ерекшеліктері де ескерілуі керек.
«Медаль алған соң ешкімге керексіз болып қаласың»
Педагогтың жазбасындағы тағы бір маңызды мәселе – «Үздік педагог» атағын алған мұғалімдердің кейінгі қызметі.
Автор көпжылдық еңбектің нәтижесінде мәртебелі марапатқа қол жеткізген ұстаздың одан кейінгі мүмкіндіктері туралы ой қозғаған.
«Ақыры өліп-талып, жүйке жұқартып сол атақты алып аласың. Одан кейін ше? Ең кереметі содан кейін басталады!» – дейді ол.
Ұстаздың айтуынша, марапат алғаннан кейін мұғалімнің жинақтаған тәжірибесін таратуға, кәсіби ұсыныстарын жүзеге асыруға немесе білім жүйесін жақсартуға қатысуына әрдайым мүмкіндік беріле бермейді.
«Сенімен ешкімнің шаруасы жоқ. Ешқандай әлеуетің, тәжірибеңді бөлісем деген жанашыр ұсыныстарың ешкімге керек емес. Сен тек белгілі бір форматтағы дресс-кодты киіп, кеудеңе медаль тағып, кез келген жиын-мәжілісте залды көркемдікпен толтырып отыратын «живой декорация» ғана боласың», – деп жазған педагог.
Ол мәртебелі атақтың тек марапаттау рәсімімен шектелгенін қаламайтынын ашық білдірген.
«Атақ берілді ме – болды, шкафта шаңы шығып тұра берсін», – деп қынжылады автор.
«Марапат бердік пе – тыныш отыр» деген жүйе ме?
Гүлжазира Бекболатқызының пікірінше, үздік педагог атанған ұстаздар білім жүйесіндегі өзгерістерге қатысып, тәжірибесі мен кәсіби әлеуетін нақты іске асыруға мүмкіндік алуға тиіс.
«Мемлекеттің ең жоғарғы марапатын алған ұстаз тек «зал толтырушы статист» емес, жүйені өзгертетін нағыз көшбасшы болуы тиіс қой!» – дейді ол.
Автор мұғалімнің жетістігін бағалаумен қатар, оның кәсіби тәжірибесін қоғам игілігіне пайдаланудың да маңызды екенін алға тартқан.
«Бірақ біздегі жүйе әзірге «марапат бердік пе – тыныш отыр» деген қағидамен жұмыс істейтін сияқты», – деп жазды педагог.
Жазбасының соңында ұстаз екі өзекті мәселені қатар көтерді.
Біріншісі – түрлі мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдердің «Үздік педагог» байқауына қатысу мүмкіндіктерінің теңдігі.
Екіншісі – мемлекеттік марапатқа ие болған педагогтердің кәсіби тәжірибесін білім жүйесін дамытуға пайдалану.
«Қалай ойлайсыз, бұл «элиталық теңсіздік» пен медальдан кейінгі тыныштықты қашан өзгертеміз?» – деп сауал жолдады автор.
Педагог жазбасында Орта білім беру комитетін де белгілеген.
Осылайша, жеті жыл бойы дайындалып, 2019 жылы «Үздік педагог» атанған ұстаз өз тәжірибесі арқылы байқаудың іріктеу жүйесіне, мұғалімдердің тең мүмкіндігіне және марапат иелерінің кейінгі кәсіби рөліне қатысты өткір сұрақтар көтерді.