Қайғылы оқиға болған сайын қоғам кінәліні іздейді. Тергеу басталады, жауапты адамдар анықталады, түрлі мәлімдемелер жасалады. Алайда ең маңызды мәселе сол күйі жауапсыз қалып жатқан жоқ па? Әлеуметтік желіде жарияланған жазбада мектептегі бала қауіпсіздігіне қатысты білім жүйесін ойландыруға тиіс бірнеше өткір сұрақ көтерілді, деп жазады Democrat.kz.
Facebook желісіндегі «Менің мектебім» тобында Юсуп Давлатов есімді автор Жетісу облысында болған қайғылы оқиғаға байланысты көлемді жазба жариялады.
Ол Сарқан ауданының Алмалы ауылында 8-сынып оқушысы сыныптасының қолынан қаза тапқаны туралы хабарды естіп, мектептегі тәрбие мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді көтерген.
«Бір баланың өмірі қиылғаннан кейін кінәліні іздеу маңызды. Бірақ одан да маңыздысы – келесі баланың өмірін сақтап қалу», – деп жазды автор.
Оның айтуынша, мұндай қайғылы жағдайды тек бір оқушының әрекеті немесе бір мектептің кемшілігі ретінде қарастыру жеткіліксіз.
«Баланың бойындағы қатыгездікті неге ерте байқамадық?»
Автор ең алдымен оқушының мінез-құлқындағы қауіпті өзгерістерді дер кезінде анықтау мәселесіне тоқталған.
Оның пікірінше, мектепте оқушылардың тәртібі мен өзара қарым-қатынасына назар аудару маңызды болғанымен, бұл бағыттағы жұмыстың нақты нәтижесі күмән тудырады.
«Сынып жетекшісі, пән мұғалімдері, мектеп психологі, әлеуметтік педагог баланың мінез-құлқындағы өзгерістерді, сыныптастарымен қарым-қатынасындағы қиындықтарды, қайталанатын жанжалдарды байқап, алдын алу шараларын ұйымдастыруы тиіс», – дейді ол.
Дегенмен автор кез келген мұғалімнің әр баланың барлық әрекетін бақылап отыруы мүмкін емес екенін де мойындайды.
Ол мектептерде тәрбие жұмысына арналған жоспарлар жасалып, іс-шаралар өткізілетінін, хаттамалар толтырылып, есептер берілетінін атап өткен.
«Бірақ осының бәрі баланың мінез-құлқындағы қауіпті өзгерісті дер кезінде байқауға және басқа баланың өмірін қорғауға қаншалықты көмектесіп жүр?» – деп сұрайды автор.
Оның пайымдауынша, тәрбие жұмысының нәтижесін өткізілген іс-шаралар санымен емес, алдын алынған жанжалдармен, қорлық көрмеген балалармен және сақталып қалған өмірлермен өлшеу қажет.
«Мектептегі қауіпсіздік үшін кім жауапты?»
Юсуп Давлатов мектепте қайғылы оқиға болған кезде жауапкершілікті бір ғана мұғалімге немесе директорға артып қою мәселені шешпейтінін айтқан.
«Мектеп әкімшілігі, сынып жетекшісі, педагог-психолог, әлеуметтік педагог, ата-ана және құқық қорғау органдарының әрқайсысының өз міндеті бар. Ең маңыздысы – сол міндеттер қағазда ғана емес, нақты жағдайда орындалуы», – деп жазды ол.
Автордың пікірінше, мектеп қызметкерлеріне қатысты тергеу заң аясында жүргізілуге тиіс. Бірақ оның барысында білім беру жүйесіндегі ықтимал кемшіліктер назардан тыс қалмауы қажет.
«Ұл бала ғой, төбелесіп тұрады» деген сөздің соңы неге апарады?
Жазбада ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі де қозғалған.
Автор кейбір отбасыларда баланың агрессиялық әрекеттеріне жеткілікті мән берілмейтінін сынға алған.
«Баламның мінезі осындай», «Ұл бала ғой, төбелесіп тұрады», «Өзі де қарап қалмайды» деп зорлықты ақтауға болмайды», – дейді ол.
Юсуп Давлатовтың айтуынша, баланы тәрбиелеу тек оның сабағын қадағалаумен шектелмейді.
«Біреуді қорлау – ерлік емес. Әлсізге күш көрсету – батырлық емес. Қолына пышақ алып, ашуын өзгеден алу – қайсарлық емес. Бұл – адам өмірінің қадірін түсінбеудің, жауапкершіліктің жоқтығының белгісі», – деп жазды автор.
Ол ата-аналар баласының кіммен араласатынын, бос уақытын қалай өткізетінін, әлеуметтік желіден не көретінін және жанжалға қалай жауап беретінін білуі қажет екенін атап өткен.
«Заң баптарын жаттату жеткілікті ме?»
Жазба авторы мектептерде құқық қорғау органдарының қатысуымен өткізілетін профилактикалық кездесулердің тиімділігіне де күмән келтірген.
Оның айтуынша, оқушыларға құқық бұзушылықтың салдарын түсіндіру маңызды. Бірақ бір реттік дәріс баланың мінез-құлқын өзгертуге жеткіліксіз болуы мүмкін.
«Балалар заң алдындағы жауапкершілікті білуі керек. Сонымен бірге жанжалдан қалай шығуды, ашуын қалай басқаруды, қорқыту мен әлімжеттіктің қай жерде басталатынын, көмекке кімнен жүгінуге болатынын үйренуі қажет», – дейді ол.
Автор мұндай сабақтар нақты өмірлік жағдайларды талдауға негізделуі керек деп есептейді.
«Қылмыстың салдарын түсіндіру қажет, бірақ кәмелетке толмағандарды жазалау орындарына апаруды жалғыз шешім деп қарастыруға болмайды. Ең тиімді жол – қылмысқа жеткізбей алдын алу», – деп жазған ол.
«Мектеп рейтингі баланың өмірінен қымбат болып кеткен жоқ па?»
Автор көтерген ең өткір мәселелердің бірі – білім сапасы мен бала қауіпсіздігінің арақатынасы.
Ол мектептердің рейтингі, тест нәтижелері, олимпиада жетістіктері мен түрлі есептерге көп көңіл бөлінетінін, ал оқушының қауіпсіздігі басты өлшемге айналуы керектігін айтқан.
«Ал мектепке келген баланың аман-есен үйіне қайтуы – барлық көрсеткіштен жоғары тұруға тиіс негізгі міндет», – дейді автор.
Оның пікірінше, мектеп тек білім беретін мекеме емес, бала өзін қауіпсіз сезінетін, өзгелерді құрметтеуді және жанжалды күш қолданбай шешуді үйренетін орта болуы қажет.
«Білімді, бірақ өзгенің өмірін бағаламайтын ұрпақ тәрбиелесек, біздің жетістігіміздің құны қандай?» – деп сұрайды ол.
Юсуп Давлатов қағаз жүзіндегі тәрбие жұмыстарынан гөрі нақты нәтижеге қол жеткізу маңызды екенін атап өткен.
«Бізге қағаздағы тәрбие емес, нәтижелі тәрбие керек. Кезекті есеп емес, нақты жауапкершілік керек. Оқиғадан кейінгі комиссия емес, оқиғаға дейінгі жүйелі алдын алу керек», – деп жазды автор.
«Тағы бір баланың өмірі қиылғанша күтеміз бе?»
Жазба соңында автор қайғылы оқиғаның себептерін жан-жақты зерттеу қажет екенін айтқан.
Ол жанжалға дейін қандай да бір ескерту белгілері болған-болмағанын, мектеп пен ата-ананың байланысы қаншалықты тиімді жұмыс істегенін, қауіпсіздік шараларының қалай ұйымдастырылғанын анықтауды маңызды деп санайды.
Сондай-ақ оқушылар арасындағы әлімжеттік пен агрессияның алдын алу жұмыстарының нақты нәтижесіне баға беруді ұсынған.
«Бұл сұрақтар біреуді жұрт алдында жазғыру үшін емес, шындықты анықтап, нақты қорытынды шығару үшін қойылуы керек», – дейді ол.
Автор мектеп қызметкерлеріне қатысты тергеуде кінәсіздік презумпциясы сақталуы қажеттігін де атап өткен.
«Бір ананың көз жасы, бір отбасының қайғысы, бір баланың үзілген ғұмыры бізге ой салуы керек», – деп жазды Юсуп Давлатов.
Ол жазбасын қоғамға ортақ үндеумен аяқтаған.
«Ендеше, кінәліні іздеумен ғана шектелмей, себепті анықтайық. Есеп берумен ғана шектелмей, жүйені өзгертейік. Тағы бір баланың өмірі қиылғанша күтпей, бүгін әрекет етейік!»
Автордың пайымдауынша, мектептегі қауіпсіздік мәселесі тек қайғылы жағдай орын алған кезде ғана көтерілмей, күнделікті тәрбие жұмысының негізгі бағытына айналуға тиіс.