Танымал журналист Ербол Мәндібек 16 желтоқсанда көліктеріне көк туды іліп, отансүйгіштігін паш еткендерге қатысты "бұл патриотизм емес" дегенге саятын жазба жариялап, сынға қалды деп жазады Democrat.kz.
"Аткрыйта айтайын. Көлікке көк туды іліп алып көшеде шапқылау патриотизм емес. Патриот деген кім? Ең бірінші осы сұраққа жауап іздейік. Менің ойымша, нағыз патриот адам ол заңды сыйлайтын адам.
Кеше Тәуелсіздік күнін сылтау қылып кейбір адамдар заңды бұзды. Рәмізді ережеден тыс қолдануға рұқсат жоқ.
Көк байрақты қолданудың бекітілген нормасы бар. Үйіңде, жұмыс орныңда, машинаңның ішінде іліп қойсаң ешкім әңгіме айтпайды. Ал енді бір реттік акция жасап, байрақпен бүкіл қоғамның назарын өзіңе бұруға, көшеде алаулатып, жалаулатып шапқылауға болмайды.
Әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Қайбір жылы еді? Біраз атқа мініп аттандап байрақпен шапқылады. Мүмкін олар осылайша патриоттығын көрсеткісі келген шығар. Алайда, ғылым мен білімнің, өркениет жарысқан жаһандық заманда мұндай акция ақылға сыймайды.
Патриот болу үшін үлкен іспен өзіңді дәлелдеудің де қажеті жоқ.
-Кім көшеге қоқыс шашпайды сол нағыз патриот.
-Кім автобуста үлкен кісіге орын береді сол патриот
-Кім салықты уақытылы төлейді сол патриот
-Кім кредитін просрочка жасамайды сол патриот
-Кім дәретханаға кіргенде артын дұрыс тазалап шығады сол патриот
-Кім пара бермейді сол патриот
-Кім пара алмайды сол патриот
-Кім әйелін ұрмайды сол патриот
-Кім баласын жылатпайды сол патриот
-Кім жасырын тоқал ұстап бәйбішесін алдамайды сол патриот
Мінекей, патриоттық деген осындай ұсақ-түйек нәрселерден басталып үлкейе береді. Ал енді екі метр көк туды көлікке іліп алып айқайлау біртүрлі басқаша ұғым"деп жазды журналист.
Журналистің бұл жазбасын қолдап, "дұрыс" деп жатқандар да бар.
Сонымен қатар, бұл жазбаға қатысты сын айтып жатқандар да бар.