Мемлекет басшысы еліміздің өсіп-өркендеп келе жатқанына назар аударды деп жазады Democrat.kz.
– Біз экономиканы және инфрақұрылымды дамытуға баса мән беріп отырмыз. Заманауи өндіріс орындарын ашып жатырмыз. Еліміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Қазақстан болашақта толыққанды цифрлық ел болуға тиіс. Осы мақсатқа жету үшін ауқымды жұмыс қолға алынды. Астанада Халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылды. Жақында белгілі америкалық компанияның технологиясы бойынша жасалған суперкомпьютер іске қосылды. Жаһандық үрдістерге сай жаңа «дата-орталықтар» салынады, «бұлтты» инфрақұрылым қалыптасады. Әрине, мұның барлығы энергетика саласы үшін үлкен сынақ болмақ. Сондықтан осындай маңызды міндеттерді жүзеге асыру үшін энергетика саласын түбегейлі жаңғыртуымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оған қоса президент салада таяу жылдары атқарылатын нақты жұмыс бағыттарын атап өтті
– Қазақстанның энергетикалық әлеуетін нығайту – басымдыққа ие міндет. Биыл батыс аймақтардың электр желісін күшейтетін бірегей жоба аяқталады. Бұл жоба Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарының энергетикалық тораптарын біріктіреді. Енді осы тораптарды бірыңғай ұлттық энергетика жүйесіне жалғау қажет. Елімізде басқа да ірі жобалар қолға алынып жатыр. Атап айтқанда, Екібастұздағы екінші ГРЭС-те жаңа энергоблоктар салынады. Сондай-ақ үшінші ГРЭС-тің құрылысы басталмақ. Бұл нысандар еліміздегі энергетика жетіспеушілігін жоюға тиіс. 2026 жылы Алматыдағы электр станцияларын жаңғырту – Үкімет пен әкімдік алдында тұрған маңызды мақсат. Сол арқылы ауаның ластану деңгейін төмендетіп, қаланың экологиялық ахуалын жақсарту қажет. Бұған қоса, келесі жылы Қызылорда және Түркістан облыстарында бу-газ қондырғысы бар электр станцияларын толық іске қосу керек. Біз 2035 жылға дейін 26 гигаваттан астам қуат көзін өндіретін нысандарды іске қосуды жоспарлап отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, Қазақстанның табиғи ресурстарын және өндірістік әлеуетін ескерсек, біз электр қуатын басқа елдерден сатып алмауымыз керек.
– Түптеп келгенде, бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Бұдан бөлек, еліміздің зор энергетикалық мүмкіндігін тиімді қолдану қажет. Мысалы, Қазақстан – көмірге бай ел. Жыл сайын 110 миллион тоннадан астам көмір өндіріледі. Осы стратегиялық артықшылықты дұрыс пайдаланған жөн. Біз заманауи үлгідегі «таза көмір» технологиясына тезірек көшуіміз керек. Сол арқылы көмір станцияларының тиімділігін арттыра түсеміз. Бұдан бөлек, Курчатов қаласында жылу электр станциясын, Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларында жылу электр орталықтарын салу қажет. Осы нысандардың барлығына «таза көмір» технологиясын енгізу керек. Шындығын айтсақ, бұл жобалардың жүзеге асуы әбден созылып кетті. Енді ары қарай күтуге болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.