Айгүл Иманбаева: үш досымнан сатқындық көрдім, депрессияның түбіне түстім

Қазақстанның танымал әншісі Айгүл Иманбаева көпшілікпен жүрегіндегі жараны бөлісіп, достары тарапынан көрген сатқындық туралы шынайы сыр шертті. Ол өз сөзінде бұл жағдайдың оның өмірінде оңай із қалдырмағанын атап өтті.
«Достан сатқындықты көрдім. Маған оны бүгінгі күнге дейін айту өте ауыр. Өйткені мен ол досымды әлі күнге дейін жақсы көремін», – деді әнші.
Иманбаева үш түрлі досының сатқындығын бастан өткергенін айтты. Оның ішінде жеке өміріне, күнделікті тіршілігі мен материалдық жағдайына қатысты сатқындықтар ерекше ауыр тиген.
«Жеке өміріме қатысты досымнан сатқындық көрдім. Күнделікті өмірдегі тыныс-тіршілікте материяға қатысты досымнан сатқындық көрдім. Оның барлығын басымнан өткеріп, қайтадан бас көтеріп шығу маған оңай болмады», – деді ол.
Иманбаева бұл сатқындықтардың салдарынан ауыр депрессияға түсіп, өмірінің бір кезеңінде толық күйреу жағдайына жеткенін де жасырмады.
«Иә, мен сындым. Құладым. Жыладым. Жаттым бүк түсіп… Депрессияның түбіне түстім. Қаншама жылдар бұрын…», – деп еске алды ол.
Әнші шынайы сезімді сақтау мен кешіруді де сөз етті. Ол досын әлі де жақсы көретінін және оны сатқындығымен бірге қабылдауға мәжбүр болғанын айтты.
«Егер сен ол досыңды шынымен жақсы көрсең, қимасаң, жүрегіңде әлі де бір қимастық болса, бір-ақ нәрсе қалады — қабылдау. Болды. Сол досыңды сол күйінде, сол сатқындығымен қабылдайсың», – дейді Иманбаева.