Әкесін пышақтап өлтірген Бақыттың бақытсыз тағдыры

0
815
Облыстық соттың көшпелі құрамы қараған, өзім тікелей куәсі болған бұл қылмыстық істі қағазға түсірудің сәті енді түсті. Сотталушы орындығында жан-жағына жәрдем тілегендей жәутеңдей қарап, он алтыдағы боз бала Бақыт Байтасов (аты-жөні өзгертілген) отыр.
Бозторғайдай бүріскен түрі көңілге қаяу түсіреді. Сонда да сөзге тартым. Жанашыр жанға тап болғандай бала бірден ақтарыла сөйледі.
— Әкесін жек көретін бала аз шығар мүмкін. Мен де әкемді өлердей жақсы көрдім, — деп бастады Бақыт әңгімесін. — Ал пенде азайын десе қас қағым сәт екен.
Көкем ақындай ақкөңіл, өте балажан адам еді. Құрылысшы болып істеді. Алайда мына келген аласапыран, қатыгез қоғамнан тез торығып түңілді ме, елуден аса еңсесі езілді.
Жолдастарымен бөтелке қуып кетуі көбейді.
Анам да, ағайындар да адамды аздырар арақты қоюын талай рет өтінді, қоймады. Ақыры жұмысынан қуылды.
Түгел отбасымыз бір анамың азғантай ақшасына қарап қалдық. Күніміз күн болмады, кейде қатқан қара нанға да зәру болдық.
Анам аудандық ауруханада аспазшы еді. Үш баланы асырау оңай ма, жұмысынан жасырып қалған-құтқан қалдық тамақ әкеледі үйге.
Үлкені мен оныншы сыныпта оқимын. Сабағым жақсы, бірақ үйдегі жүдеу тірлік еңсе көтертпейді. Сабақтан соң Бейнеудегі теміржол вокзалына барып, жеңіл-желпі жүк тасып, аздаған тиын-тебен табамын, ал әкем болса бізді асырамақ түгілі арақтан аузы босамайды. Онысымен қоймай бізге орынсыз тиісіп, жүйкемізді жейді.
Үнемі ашқұрсақпыз. Үйде нан болмайтын күндер көбейді. Содан бір күні оқудан келсем, анам ағыл-тегіл жылап отыр. Көйлегі жыртылған, көз алды көгерген.
— Не болды? – деп сұрадым.
— Әлгі аты өшкір, албасты әкең келіп, сенің вокзалда жүк тасып тапқан аз ақшаңды тартып алды. Жалынсам да тыңдамады. Арақта басы қалғыр!..
Не болғанымды білмей қалдым. Аяқ асты ашудан көз алдым қарауытып кетті. Кішкентай іні-қарындасыма көйлек алам ба деп, тірнектеп жиған ақшам еді. Оны да әкем сайтан суға жұмсамақшы. Үйден атып шықтым.
— Бақыт, тоқта, қайда барасың? Әкең сені де аямайды, сабайды, барма, — деген дауысты еміс-еміс естідім.
Ауыл маскүнемдері жиі жиналатын үйлерді білуші едім. Соның біріне құстай ұшып келдім. Ашудан-ау деймін аяқ-қолдарым қалтырайды.
Жапырайған жер үйге кіріп келсем, екі-үш кісі ішінде әкем де бар арақты айдап отыр. Жерге жайылған ескі газет үстінде екі жарты ақ арақ бір буханка нан жатыр. Нан тілуге қойылған үлкен ас пышақтың қолыма қалай іліккенін білмеймін.
Әкеме қарап: — Әкел ақшамды!.. – деп қалшылдадым.
— Жоқ, жұмсап қойдым, балам… – деп ол жерге қарап күмілжіді.
— Шешемді неге сабайсың? Не кінәсі бар?..
— Қысқарт кәні!.. – деп әкем жерден тұра берген еді.
Ар жағы есімде жоқ. Дәл жүректің тұсынан ас пышағымен ұрыппын.
Отырғандар:
— Ойбай, өлтірді әкесін! Пышақ салды! – деп тұра қашыпты. Ал әкем болса кескен қарағайдай еденге сылқ ете түсті.
Сол сәтте ғана есім еніп, қатты ашу үстінде кешірілмес күнәға батқанымды білдім. Қолымдағы ас пышағын жерге тастай салып әкемнің басын көтердім де: — Көке, кешір!.. – дегенім есімде.
«Күшік-ай, тура қақ журегімнен қадалды ғой»… – деді де көз алдымда үзіліп кетті. Сол арада анам да аңырап жетті. Әкем екеумізді құшақтай алып, сай сүйегімізді сырқырата боздады-ай келіп. Тас бауыр тағдырға қарғысты да жаңбырша жаудырды.
— Міне, бар болған оқиға осы, ғана…
— Енді мені неше жылға соттар екен, мектепті де бітіре алмадым-ау. Анам мен кішкентай іні-қарындасым енді қалай күндерін көреді? – деп Бақыттың жанарынан жас көрінгенде, жүрегім шаншып кетті.
Иә, аласапыран ашу үстінде аңдаусызда ас пышағын жұмсағаны анық. Алайда әкесін өлтіремін деген ой тіпті де болған жоқ.
Осы себептерді ескерген облыстық соттың көшпелі қылмыстық істер қарайтын құрамы Бақыт Байтасовты бес жылға бас бостандығынан айырып, жазаны жалпы режимде өтеуге үкім шығарды.
Тас бауыр тағдыр тағы бір бейкүнә жасқа түрме есігін ашты. Өкінішті-ақ!..
Авторы: Тілектес БАЙМАНОВА.
Әлеуметтік желіден.
Фото көрнекілік үшін.