Ақмола облысында жүздеген көлік жол апатына ұшырады
Ақмола облысындағы тасжолда боран мен нашар көріну жағдайында шамамен 40 көлік бір-бірімен соқтығысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Аймақтық полиция департаментінің мәліметінше, апат Біржан сал ауданына қарасты Қоғам мен Қаратал ауылдарының арасында болған.
«13:30 шамасында ауа райының нашарлауына байланысты алдын ала мәлімет бойынша шамамен 40 көлік соқтығысқан. Қазіргі уақытта зардап шеккендер мен қаза болғандар туралы ақпарат жоқ. Оқиға орнында полиция жұмыс істеп жатыр», — деп хабарлады департаменттен.
«ҚазАвтоЖол» баспасөз қызметі мәлімдегендей, 3 қаңтарда 14:10-да Ақмола облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты барлық көлік түрлері үшін «Астана-Петропавл» автожолының Астанадан бастап Щучинскке дейінгі бөлігіне шектеу енгізілген.
«Қосымша ақпарат алу үшін 1403 нөміріндегі Колл-орталыққа тәулік бойы хабарласуға болады», — деді ведомство өкілдері.
Қазір келіп жеткен ақпаратқа сәйкес, апатқа ұшыраған көліктер саны жүзге жуық екені хабарланды. «ҚазАвтоЖол»-дың мәліметінше, қазір жолдарға шектеу қойылған. Құтқару қызметі күні-түні жұмыс істеуде.