“Анау ұстаздың алдындағы шәкірттен қорықтым, әріптесім үшін ұялдым” – Аятжан Ахметжанұлы

0
1491

Әлгі Magnum – де тапсырыс беруші, арызданушы мұғалім екен. Орыс мектебінде істеймін, ортам орыс тілді дейді. Қазақ тілінде сөйлеңіз дегенге ашуланып, арыз жазғанына қарап, орыс немесе орыс тілді біреу шығар дегенмін. Бақсам бақа екен дегендей, сөйтсем, қазақ тілін жақсы білетін, орыс мектебінің мұғалімі екен.

Ортам орыс тілді, достарым орыс тілді. Орысша жазсам олар ұқпай қалады, – дейді. Құдай-ау, ортаң орыс тілді болса мемлекетіңнің тілі, ұлтыңның тілі қазақ тілі ғой.

Әрине, санасы дәл сондай адамның ортасы да өзі секілді болады ғой.
Қосымша жұмыс істеймін, онда орыстармен, украиндармен жұмыс істеймін, олармен орысша сөйлесемін, олар қазақ тілін түсінбейді дейді.

Айналайын ау, олар неге мемлекеттік тілді түсінбейді, неге түсінгісі келмейді? Әрине, қасында құлдық санадағы адам жүрсе оларға қожайындық образда жүрген жақсы ғой.

Мен неге өз елімде өзгелер үшін өзге тілде сөйлеймін, олар неге біздің елде менің тілімде, мемлекеттік тілде сөйлемейді, – деп ойлай алмаймыз. Неге? Себебі, санамыздағы құлдық оған мүмкіндік бермейді.

Мен әлгі орыс мектебінде істейтін әріптесімнің видео үндеуін көріп, ең қатты қорыққаным да, жүрегімнің ауырғаны да болған оқиға емес. Ана ұстаздың алдындағы шәкірті.

Анадай ұстаз мектепте таза шовинист тәрбиелеп шығарады ғой. Алма ағашынан ұзамайды, анадай ұстаздың шәкірті ешқашан патриот болмайды!

Орыс мектебі, өзге тілді мектеп өзге әлемде өмір сүреді, өзге идеологияда өмір сүреді дейтініміз осы. Олардың ортасы біздің қарапайым жеткізушінің мемлекеттік тіл қазақ тілінде айтасыз ба деген өтінішіне қазақша жауап беруден намыстанады.

Олар үшін орысша сөйлеу мәдениет, мәртебе. Ал, қазақ тілінде сөйлеу бейшаралық, ауылбайлық. Үндеуінен де сол кескіні анық көрініп тұр.

Менің құқым, менің таңдауым деген таза арандату. Сенің құқың мемлекеттің, ұлттың, елдің қақы басталған жерде тоқтауы керек негізі. Ұстаз үшін тіптен де маңызды!

Ұлттық, елдің болашағын тәрбиелеп отырып, өз қандасыңды мемлекеттік тілде, өз тіліңде сөйлеуін сұрағаны үшін жұмыстан қуғызу және оған титтей де ұялмай үндеу жасау… Ұстаздықтың ешқандай өлшеміне сыймайды-ау!

Танымал журналист Бибігүл Дәулетбекқызы оқиғаға байланысты министрге іздеу салыпты. Министрді білмеймін, не дейтінін… Бірақ әріптесім үшін мен ұялдым. Алдындағы шәкірт үшін жүрегім ауырды. Сіз ше?

Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ, білікті ұстаз.

Фото интернеттен.