Апамның аруағы баламның өмірін құтқарып қалды

0
2068

Адам қайтыс болғаннан кейін мына өмірмен байланысын үзеді дейді кейбір діншілдер. «Өлді, бітті» дейтіндер менің басымнан өткен мына жағдайға не дер екен? Сондай-ақ қаны бір, туыстар дейтіндер де не дер екен?

«Апа» деп ардақ тұтып, қатты жақсы көрген кісім болды. Туыс та емеспіз, қанымыз да бір емес. Мені ол үлкен әулеттің адамдары 2 айлығымда асырап алған екен.

Сөз болып отырған әулет — Ұлы жүздің Дулат руынан. Ал менің өз руым — Кіші жүздің Тама руынан. Қысқасы титтейімнен осында өскен соң, бұл әулеттің барлық адамын өз туысым деп білдім.

Міне, мен өскен сол әулетте үлкен апамыз бар еді. Ғажап кісі еді. Неге екенін білмеймін, сол апамды ерекше жақсы көрдім. Мен тұратын үй мен апамның үйінің арасы біраз ұзақтау болатын.

Соған қарамастан апама жиі баруға тырысатынмын. Жүн түтіп, ұршық иіріп, тоқыма тоқып…әйтеуір апам еш бос отырмайтын. Ал мен жанында жай ғана отырамын. Маған сол жетеді.

Кейде екеуміз отырып, құртпен шай ішеміз. Кейде жай ғана апамның сыртынан қарап отыратынмын.

Жасым 19-ға толған жылы апам қайтыс болды. Есеңгіреп қалдым. Қатты жыладым. Біреу етімді кесіп алғандай, қиналдым.

Апамды жерлейтін күні үйдегі үлкендер кетіп, мен бармадым. Оның ескі бір суретіне қарап, жылап жатып, ұйықтап кетіппін. Сол күні көрген түсім әлі есімде. Біздің есіктің алдындағы құдықтың жанында апам теріс қарап отыр екен деймін.

«Апа!» деп қасына бармақ болған маған: «Жақындама! Келме! Сол жерде тұрып, тыңда мені. Үстімдегі киімдеріме қарашы, шоқпыты шыққан осы киіммен қалып, абыройсыз етті мені. Менің киімдеріме таласқандар егер алтын-күмісім болса, бірін бірі өлтіруден тайынбайды екен! Қатты қапа болдым. Анау Гүлсім жеңгеңе айтарсың, жатқан жерінде төбеге бір қарап қойсын, абай болсын» деген апам орнынан ақырын тұрып, ұзай берді.

Ұйқымнан селк етіп ояндым. Құлағымда апам айтқан әр сөз әлі жаңғырып тұр еді. Түкке түсінбедім.

Кешкісін жаназадан оралғанда үйдегілерге осындай бір түс көрдім деп баяндап бердім. Көкем мен жеңгем екеуі бір біріне қарап, «апырай-ә?» десіп қойды. Басқа ештеңе демеді.

Арада екі күн өткенде Гүлсім жеңгем жедел ауруханаға жеткізілді. Түс мезгілінде тынығып алайын деп жатқаны сол екен, үйінің төбесі опырылып құлап, жеңгеміз бір өлімнен аман қалыпты.

Жай ғана сәйкестік болар десем де, апамның сол күні киімге қатысты айтқаны рас екен. Апамыздың 6 келіні бар еді. Сол келіндері кемпір өле салып, тәуір деген киімдерін өзара бөлісе алмай, қырылысқанын кейін естіп білдім.

Ең қызығы, қазір жасым 60-қа таяса да, сол апам түсіме алдын-ала кіріп, үнемі аян беретіні бар. Бірінші баламды көтергенімде де дәрігерлер тексере келе «балаңның саулығы дұрыс емес. Тәуекел етпей, алдыртып таста. Кемтар болуы мүмкін» деп ескертті.

Сол түні түсіме кірген апама екі саусағыма қатар таққан екі (біреуі қарайып кеткен, бірі жарқырап тұрған сақина екен) сақинамды көрсетіппін. «Мынаны маған бер, ал анау сенікі болады. Саусағыңда тұрсын, дәрігер шығар десе де, шығарма» деп қарайып кеткен сақинамды саусағымнан күшпен шешіп алып қойды.

Бұл түсімді жақсылыққа жорып, не де болса, іштегі баламды алдыртпай, өмірге әкелуге шешім қабылдадым. Дәрігерлер сонша қауіптенген сол балам қазір жасы қырыққа таяған, дені сап-сау азамат болып жетілді.

Әйтсе де, апам кірген түстерімді ой елегінен өткізіп отырып ойланамын, бұл кісімен екеумізді байланыстыратын не нәрсе? Өзінің бала-шаға, немерелерінің түсіне кіріп бұлай аян бермейтін апам мен менің қандай жақындығым бар?

Сондай-ақ адам қайтыс болған соң, артында қалған кісілерге осылай аян беріп түске кіруі — келесі бір өмірдің барын білдірмей ме, қалай ойлайсыз? Тірі адам мен аруақ бір бірінен алыстамайтынын осыдан-ақ білуге болады емес пе?

Дайындаған — Ұлжан БАҚЫТҚЫЗЫ.

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.