Балаларға құрттап кеткен ботқа берген

0
69

Ақтөбе облысындағы балабақшалардың бірінде балаларға ұсақ жәндіктер араласқан ботқа берген. Жағдайды ата-аналардың бірі әлеуметтік желіде жариялады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

Видео авторы оқиғаның Қандыағаш қаласындағы балабақшада болғанын жазған.

«Балаларымызға осындай тамақ беріп жатқаны не сұмдық? Бұл мазақ емес пе? Ұялмай ақшаны көбейтіп отыр, ал біз құрттаған тамақ үшін төлеп жатырмыз ба? Бұл жағдайға кім жауап береді? Балаларымыздың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін тез арада шара қолдану керек деп санаймыз», — деп жазды ата-аналар.

Ақтөбе облыстық білім басқармасы оқиғаға түсініктеме берген. Олар қазір балабақшада тексеру жүріп жатқанын хабарлады.

«Қазіргі уақытта білім басқармасы тарапынан қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Тексеру нәтижелері бойынша кінәлі тұлғалар тиісті жауапкершілікке тартылады. Барлық ата-аналардан түсіністік танытуды сұраймыз. Тексеру қорытындысы туралы қосымша ақпарат беріледі» деп жазылған пікірлер бөліміндегі түсініктемеде.