«Бәріміздің мақсатымыз, мүддеміз — бір» дейді Президент

0
42

Бүгін Астанада «AMANAT» партиясының бастамасымен өткен мәслихат депутаттарының форумында сөз ала отырып президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шара дәстүрге айналу керегін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тоқаевтың айтуынша, қазір мәслихат депутаттары айрықша мандаттың иелері.

«Мәслихат депутаттары – айрықша сенім мандатының иесі. Тұрғындар сіздерді жақсы біледі. Ой-пікірін өздеріңізге тікелей жеткізеді. Мәселесін шешуге көмектеседі деп үміт артады. Осы жауапкершілікті терең сезініп, халыққа адал қызмет ету керек. Әлемдегі ахуалды көріп отырсыздар. Ең бастысы, еліміз тыныш, жұртымыз аман. Әрине, түрлі қиындықтар кездесуі мүмкін. Бірақ татулық пен келісім болса, біз оның бәрін міндетті түрде еңсереміз. Ашық аспан астындағы бейбіт өмір – ең басты байлық. Мен қастерлі Отанымыздың болашағы жарқын екеніне кәміл сенемін. Түптеп келгенде, бәріміздің мақсатымыз, мүддеміз – бір. Бұл – Әділетті Қазақстанды құрып, халықтың әл-ауқатын арттыру. Осы міндетті абыроймен атқарасыздар деп ойлаймын. Депутаттар форумы келешекте дәстүрге айналып, тұрақты түрде өткізілуі керек», — деді Тоқаев.