Белсенді ұстаз Айман Сағидулланы ертең тест тапсыруға шақыртыпты

0
3053

Айлар бойы ұстаздар қауымын әуре-сарсаңға салған «Мақсатты мектеп» жобасы бойынша тест тапсыру науқаны жалғасуда. Ертеңгі тест тапсыруға белсенді ұстаз Айман Сағидулла да шақырту алыпты деп жазады Democrat.kz.

Естеріңізде болса, «Мақсатты мектеп» жобасының заңсыздығын және мұғалімнің негізгі жұмысына кедергі келтіріп жатқанын айтып еліміздің мыңдаған мұғалімі жоғары билікке ашық хат жолдап, арнайы петиция да жариялаған еді.

Сол ашық хатқа қол қоюшылардың бірі — Алматы облысы, Қарасай ауданы мектебінің ұстазы Айман Сағидулла ертеңгі  тест тапсырушылар тізіміне өзін де қосып қойғанын әлеуметтік желіде хабарлады.

«Мақсатты мектеп» жобасы тоқтатылсын деген бастаманы қолдаған Айман Сағидулла тест тапсыруға бара ма? Осындай сауалмен белсенді ұстазға арнайы хабарластық.

«Ертеңгі тест тапсырушылар тізімінде аты-жөнім бар. Бірақ тест тапсыруға бармаймын.»Мақсатты мектеп» жобасы тоқтатылсын! Біздің талабымыз өзгерген жоқ», — дейді Айман Сағидулла.

Тестке бармаса, мұғалім жазаланбай ма?

— Жоқ. Тестке бармағаны үшін мұғалімді жазалауға ешкімнің қақысы жоқ. Егер мұғалімді «Мақсатты мектеп» жобасының тестін тапсыруға бармағаны үшін әлдекім жазаласа, онда ол әрекеті заңсыз болып табылады.

«Тестке бармаған мұғалімге қысым жасалмайды. Егер мұғалімге қысым жасалса, өз құқығын заңды қорғай алады» деп Оқу ағарту министрлігінің өкілі Ернұр Дәуеновтің өзі де шегелеп айтқан.

Сіздер тест тапсырудан бас тартып отырсыздар. Дәл осындай қадамға басқа мыңдаған мұғалім де барып отыр. Алдағы уақытта осы мыңдаған мұғалім тесттен толық босатылатыны сөзсіз. Ал қазір барып жүргендердің жағдайы қалай болады?

-Біз «Мақсатты мектеп» жобасы тоқтатылсын, тест тапсырмаймыз деген талабымызды қойдық. Сол талапты қолдап, бүгін бірге болған мұғалімдер әрі қарай да бірлікте басқа да құқықтарын қорғау жолында күресе береді.

Ал шапқылап жүрген қазіргі  кей мұғалімдер әрі қарай да шапқылап жүре берсін.

Бұл жоба бүгін-ертең бітетін жоба емес. Тіпті, 3-4 жылға созылуы мүмкін.

Десек те, тасада бұғып қалған сол әріптестеріңізге әлі де болса айтарыңыз бар ма? Қанша дегенмен, білім саласының от пен суынан өткен тәжірибелі ұстазсыз, заңнан да жетік хабарыңыз бар. 

-«Әріптестер! Тестке барсаңыз «Мақсатты мектеп» жобасы әрі қарай жалғасады. Жылдар бойы.

Тестке бармасаңыз осы жерден тоқтайды. Мен үшін бұл заңсыз жоба тоқтап қалды.
Тестке бармағаныңыз үшін сізге ешкім заңды шара қолдана алмайды. Өйткені жобаның заңды құжаты жоқ.
Заңсыз жоба үшін заңды шара қолданудың өзі — заңбұзушылық.
Біз жобаның заңсыз екенін ашып бердік.
Билік өкілдеріне жеткіздік. Әрі қарай да күресеміз.
Әр мұғалім өзін-өзі қорғай алса, жоба тоқтайды.
Тестке қатысқан әріптестер!
Бүгін тестке барып отырып, ертең ешкімге ренжімеңіз»,- дегім келеді.
Дайындаған — Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.
Фото интернеттен алынды.