Білімсіз ата-ана ғана мұғалімге күн көрсетпейді

0
1717

“Кешегі Жамбыл облысындағы мұғалім мен оқушы арасындағы жанжалға байланысты өз пікірімді білдірсем” деп редакциямызға Түркістан облысы, Сайрам ауданынан Нұрбек Бекталы атты оқырманымыз хабарласты.

“Мектепте талай оқиға болуы мүмкін. Бала болып, төбелесіп қаласың, біреудің аяғын басып кетесің дегендей. Мұнан басқа, мұғалімнің қатаң талаптарын бұзатынымыз тағы бар. Сабақ үстінде тәртіпсіздік жасаймыз. Сондайда апай, ағайымыз қолындағы борын ширықтатып тұрып ататын.

Бір апайымыз бар еді, қолында қызыл көзді үлкен жүзігі бар. Сол жүзік бәріміздің төбемізге тиді ғой. Есімде, сынып жетекшіміз Кеңесбай ағайымыз бүкіл сыныптың алдында әбден ұрысты. Ит терімді басыма қаптады. “Мұрныңа май құйса да, адам болмайсың!” деді.

Ызаланғаным сонша, үйге келіп, әке-шешеме айттым. “Мұғалім айтса, дұрысын айтады. Мұғалім оқушыны оқытып-тәрбиелеу үшін бес жыл институтта оқып келген. Сен оған бағынуға, айтқанын орындауға тиіссің! Мұғалім саған киімін жуып бер, тамағын істеп бер деді ме? Жоқ. Сені оқысын, жақсы адам болсын дегеннен басқа, мұғалім сенен не талап етеді? Бұдан былай мұндай шағымды естімейтін болайын!” деді әкем. Бітті. Сол күннен кейін шағым айту дегенді ұмыттық, көзіміз шығып, басымыз жарылса да үніміз шықпай мектепті бітірдік қой.

Ал қазіргі балалар қалай? Қит етсе, шағым айтады. Ата-анасы келеді екі иығын жұлып жеп. Сотқа берем деп қорқытады. Сондай пәлеқор ата-ананың 80-90 пайызының баласы мектептегі не сотқар, не сабақ оқымайтын бала екеніне кепілдік беремін.

Білімді, тәртіпті оқушымен ешбір мұғалім алыспайды. Ең қауіптісі, пәлеқор ата-ананың да 80-90 пайызы білімі төмен болып келеді. Андан-мұннан естіген сөзбен еліргендер. Білімсіз ата-ана ғана мұғалімнің үстінен шағым айтып, мұғалімге күн көрсетпейді.

Нағыз заңнан солардың хабары да бола бермейді. Олардың ойынша мұғалім айлығын алып отырғаны үшін баланың “құлы” сияқты қызмет етуі керек. Және соған қарамастан сондай ата-аналар әр тоқсанның соңында мұғалімнен “бес қойып берші” деп баласына баға сұрап жүреді.

Міне, сондай ата-ана мектепте ақша жинау сынды сұмырай істермен айналысады. Ватсаптағы ата-аналар чатын ашып қараңызшы. “Апайға сыйлық әперейік. 11 сыныптың бітіру кешін ұйымдастырайық” деп жанығып отыратын кім? Сол білімсіз ата-аналар. Егер білімі болса, ең бірінші баласын оқытып отырған мұғалімді өзі де сыйлап, баласынан да осыны талап етер еді.

Ата-ана білімді болса, әлгіндей чаттарда ақша жинауды емес, баласының білімі, тәрбиесі үшін не істеп жатқанын айтар еді. Өкінішке қарай, сондай ата-ана ғана баласы ызыңдап, шағым айтса, мектепке барып, айғай-шу шығарады.

Мұғалім оқушыны ұрып, тепкілеп, басын жарып, көзін шығарса, әңгіме басқа. Ал қит етсе, телефонын шығарып, видео жүктеп шыңғыруды ғана білетін ата-ананың ұлынан нағыз еркек, қызынан нағыз әйел шығады деп ойлайсыз ба?” — дейді Нұрбек Бекталы.

Democrat.kz. Ақпараттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.