Білімсіз директор мектепті «адасқан мұғалімге» толтырады

0
759

Соңғы уақытта кей өңірлерде бірнеше мұғалімдерден жалған диплом анықталып,мектептерден шығарылып жатыр екен деген ақпаратты жиі естіп жүрмін. Бүгінде мектептерде білім сапасы жыл сайын төмендеп барады деген ақпарат жиі айтылып та жатыр.

Бұл жағдайдың бірнеше себептері болуы мүмкін, бірақ ең басты себеп-жалған дипломмен сабақ беріп жүргендер мен мектепте нашар оқып, кезінде педагогикалық оқу орындарын бітіріп алып, мектепке «адасып келген» мұғалімдер деп айтар едім.

Білімсіз мұғалімнен білімсіз шәкірт шығатыны ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома!

Педагогикалық жоғары оқу орындарында жақсы маман дайындау үшін оқытушылар студенттеріне барын беріп, өз пәндерінен терең білім алуына барлық жағдай жасап, бір сөзбен айтқанда,өн бойында педагогикалық әдеп пен ұстаздық шеберлік тұнып тұрған маман дайындап шығару үшін аянбай еңбек етеді.

Сондай-ақ сабақты дұрыс ұйымдастырып өткізуді үйрену үшін мектептерге жіберіп, іс-тәжірибеден өткізеді. Осындай жолдан өткен жас маман мектепке барған күнде де жатпай-тұрмай еңбектеніп, оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін үнемі үйреніп отыруына тура келеді, яғни өзінің алған теориялық білімін практикамен ұштастырып, мол тәжірибе жинайды. Міне, өз кәсібінің толыққанды иесі болу үшін болашақ ұстаз осындай жолдардан өтеді.

Ал еш жерде оқымай-ақ, диплом сатып алып, мектепте мұғалім болып жүргендерді өмір бойы түсінбей-ақ өтетін шығармын. Мұғалімдік мамандық кез келгеннің қолынан келе беретін кәсіп емес. Ол үшін ең алдымен туа бітті қабілет, сосын терең білім мен мол тәжірибе керек.

Қазір шындығын айту керек, шамасы келсін, келмесін, мектепке әр түрлі жолмен кіріп алғандар көбейді. Сондай мұғалімдердің оқу мен тәрбиені қатар ұштастырып, балаға сапалы білім береді дегенге мен өз басым мүлдем сене алмаймын.

Ал енді мектептерде осындай сапасыз маманның көбеюіне кімді кінәлі деп ойлайсыз. Әрине, ең алдымен — біліксіз басшы. Біліксіз басшының тұсында сапасыз кадрдың көбейетіні де айдан анық.

Шындықты айту керек, көпке топырақ шаша алмаймын, қазір «адасып келген мұғалімдер» сияқты кейбір мектептерде мансапқұмар,билікқұмар, лайық болмаса да өзін сол саланың құдайындай санайтын қуыскеуде, білімсіз, біліксіз директорлар да кездесіп жатады.

Мектепті басқаруға келген басшының бойында ең алдымен туа бітті қабілет пен дарын болу керек, яғни оқу-тәрбиені дұрыс жолға қоя білетін, білім сапасын арттыру үшін бар күш-жігерін аямайтын, сол жолда табандылық танытып, түрлі идеялар мен кез келген мәселенің оңтайлы шешімін таба білетін іскер әрі әділ болуы керек.

Мектепті бизнеске айналдырып, өзінің жеке басының мүддесін ғана ойлайтын парақор, қарамағындағы мұғалімдердің сағатын аңдып отыратын қабілетсіз басшылармен білім берудің биік белесіне ешқашан шыға алмасымыз анық. Осындайда Абайдың «Қайнайды қаның,ашиды жаның…» деген өлең шумақтары еріксіз ойға оралады.

Бүгінгі мектеп партасында отырған әр бала – еліміздің ертеңгі үміті. Тал шыбықтай өсіп келе жатқан ұрпақ болашағының жарқын болуы мектепте алған білімі мен тәрбиесіне тікелей байланысты екендігі анық…

Сәуле МАЙКЕНОВА, білікті ұстаз.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.