«Бір еркекті әйелдер зорлап кетіпті» дегенді естідіңіз бе?

0
1056

Өткен аптада сайтымызда Шымкентте мектеп жасындағы қыздар жүкті болып қалғаны туралы ақпарат жарияланған еді. Осы жаңалыққа қатысты әлеуметтік желілерде жазылған пікірлер жаға ұстатты. 

Иә, ашық сөзі сол, осы ақпаратқа байланысты жазылған пікірлер жаға ұстатты. Біз журналист ретінде жаңалықты жариялап, әлеуметтік желідегі топтарда бөлісіп қана қоймаймыз, әр мақалаға жазылған пікірлерді де оқып, кейде жауап та жазып отыратынымыз бар.

Бұл жолы қолымызға қалам алдырған себеп не? Себеп — 6-7 ғасырдағы жаңсақ пікірден қазіргі жұрттың әлі арылмағаны, жұрттың әлі күнге надани санада қалғаны, жұрттың өркениет атаулыдан хабарсыздығы болды.

Қараңыз, жүкті болып қалған шымкенттік қыздарға қатысты ең көп жазылған пікірлер:

«Шымкентте ондайлар көп», «Қане, ол жақтың қыздары иманды, тәрбиелі еді ғой?!» деп кей пікір жершілдік індетін қоздыру мақсатында жазылса, келесі санаттағы пікірлер тіпті сұмдық!

«Қысқа көйлек кигені үшін сондай болды!», «Қыздар бұзылды», «Ата-анасы тәрбие бермеген қыздар», «Түнде көшеге шыққан қызға штраф салу керек», «Қызды қырық үйден тыю керек», «Ұл мен қызды бөлек оқыту керек»… керек те керек. Осылай кете береді.

Мыңдаған пікірдің ішінде ең болмаса біреуі «әй, сол қыздар ауадан, судан, оттан жүкті болған жоқ қой! Қызды жүкті еткен еркектің тәрбиесін назарға алу керекпіз» деп жазбауы нені білдіреді? Сол баяғы қараң түсініктен арылмаған надан халықтың деңгейін білдіреді. Осыған орай бірнеше азаматтың пікірін сұрап көрдік.

«Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді» дегенді басына шайнап жаққан сауатсыз тобырдың ішінен «танаға бұқа асылмай қойса, не болады?» деп ойлауға түйір миы жетпесе, не деуге болады?

Бүгінге дейін тек қана бір жақты әйелді кінәлап келдік, әлі де солай кіналауға дайынбыз. Ерлі-зайыпты ажырасса да, ағайын арасы бұзылса да, еркек сүмелек болса да, бала сабақ оқымаса да — әйел кінәлі. Ең ақыры, қыз жүкті болып қалса да — қыздың өзі кнәлі және тәрбие бермеген шешесі кінәлі!

Еркектер өз жауапкершілігін қашан мойнына алады сонда? Еркек ондай жүкті әу бастан ата-анасы оны еркекше тепкілеп өсіргенде ғана алады. Қыздың бір тал шашын көрсе, делебесі қозып кететін дүмшелер қаптаған бұл қоғамда басқа нәрсе туралы сөз етуге бола ма?»- дейді әлеуметтанушы Әсия Жаппарова.

Психолог Болат Арыстанбек: «Еркектер психикасын, таным-түсінігін өзгертпей, қоғамдағы бұл құбылыс тоқтамайды.

Себебі кітап оқып, ізденіп, білім алудың орнына әлдекімнен естіген дүниесімен босып жүре беру анағұрлым жеңіл. Жалқау психология дейді мұны. Міне, сол түсініктің арқасында сауатсыздық жайлады. Ал сауатсыздық — қылмысқа тікелей ашылған жол. Әйтсе де, «мен ол қызды жүкті еттім, қылмыс жасадым» деп ойланбайды. Неге? Себебі, «егер ол қысқа көйлек кимесе, мен оны жүкті етпес едім» деген еркекте таяз пайым бар»,- дейді.

«Қызымыз шетелге тұрмысқа шықса да, мектеп жасында жүкті болып қалса да, зорлық-зомбылыққа ұшыраса да — бұған тек кінәлі қазақ жігіттері! Өтіміз жарылып кетсе де, шындық — осы! Дін деген бетпердені жамылып алып, етек ашудың шеберіне айналған да — жігіттер. Әйелдің бермегенін күшпен алады.

Мұндай арсыз тірлікке надан, білімсіз, дінкеш, тексіз ғана барады. Әлеуметтік желіде де «қысқа етек кигендер» деп сұңқылдап жазып отырған солар. Басты кінәліден назарды басқа жаққа аудару тәсілі.

Бұл сонау дүмшелер қоғамды ірітіп-шірітіп бастаған 6-7 ғасырда басталған арами пиғыл»,- деген шымкенттік апамыз Балқия Асылбекқызы «қыздарды орағанша, еркектің нәпсісіне тыйым салу керек» екенін алға тартады.

«Еркек нәпсісіне ие бола алмағаны үшін  әйелдеріміз тәнін жабуға мәжбүр. Шындық — осы! Демек, қоғамдағы түрлі жыныстық зорлық-зомбылықтың басты кінәлі адамы — еркек! «Әуретін жауып жүрсін» деген діни сылтауды 6-7 ғасырда, арабтың шөл даласында хадис етіп, алға тартқан да — еркек. Неге? Себебі еркек нәпсісін басқара алмайды.

Нәпсісін тек білімді, оқығаны мен тәрбиесі ұштасқан еркек қана басқара алады.  Өкініштісі сол, дінге берілген, қолынан тәспісі, аузынан Алласы түспейтін еркектердің 80-90 пайызы әйелдің етегін аңдудан әріге аспайтынын уақыт дәлелдеді. Өттері жарылып кетсе де, шындық -осы!

Кеңестік атеистік заманда дәл қазіргідей әйел зорлау, бала зорлау оқиғасы жоқ еді. «Әйел өйтуі керек, әйел бүйтуі керек» деп зарлаудан қолы босамайтын бүкіл имам, «ұстаз», уағыз айтушыға айтарым бар! «Еркектің көзіне, нәпсісіне тыйым салыңдар!

Тыйым салатын хадис, уағыздарыңды айтыңдар! Ондай уағыз, хадистерің болмаса, қыздарды кінәлай бермей, нәпсісін басқара алмайтын еркектің екі көзін ойып тастаңдар!»-дейді алматылық азамат Қадіржан Баймолдаев.

Шындыққа тура қарайықшы, расымен де егер кез келген еркек әйелдің әр жеріне көз салып, сұқтанбаса, нәпсісін тежей алса, қыздарға қазіргідей хиджаб, ниқабқа оранудың  қажеті болар ма еді? «Өзі қлмыңдады» деген сылтауды алға тартудың керегі жоқ. Әйел қылмыңдаса, сүмелеңдеп жүгіре бермей, нәпсіңді тый да,  теріс бұрылып кет. «Еркекті зорлап кеткен әйел» туралы бүгінге дейін естігеніңіз бар ма? Жоқ! Олай болса, бар кінәні әйелге жаба бермей, өз кінәмізді мойнымызға алуды үйренейік те, қазақтың жігіттері!?

Қанат ДАСТАН,

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.