“Бишімбаевтың ата-анасы кінәлі” дейді Олжас Сейітов

0
173

Әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен сот ісі өтіп жатқан Бишімбаев Қуандыққа қатысты түрлі пікірлер қардай борап жатыр. “Бишімбаев ісі” қазақ қоғамына кәдімгідей қозғау салғаны рас.

Ақылы бар кез келген ата-ана осы оқиғадан кейін “ертең менің де баламның басына осындай жағдай түспес үшін қазір не істеуім керек?” деп өзіне сұрақ қояры анық.

Психолог мамандар ұлыңыз бишімбаевтай болмасын, қызыңыз Салтанаттың күйін кешпесін десеңіз деген тақырыпта түрлі ақыл-кеңестер беруде. Солардың бірі — психолог Олжас Сейітов ата-аналарға “болашақ бишімбаевтың” алдын алу туралы ақыл-кеңес берді.

“Бишімбаевтың әрекеті әлдебір психологиялық соққылардан пайда болған нәрсе емес. Оның бұл жағдайға жетуіне жақындары тарапынан қатал тыйымдар немесе шектеулердің салдарынан болмады. Керісінше, Бишімбаевқа кішкентайынан айналасы шектен шығатын жақсылықты жасаған.

Бетінен қақпаған. Шектен шығарлық дәрежеде оған қолдау мен сенім білдірген. Байқасаңыздар, ол сот залында тұрса да, өзін титтей де кінәлі санамайды. Жазаланам дегене ешқандай қорқыныш жоқ. Сондай-ақ бұл жасағаным дұрыс болмады деген мазасыздық жоқ. Неге бұлай?

Себебі ол ес білгелі айналасынан тек “сенікі дұрыс” дегенді естіп өскен. Оны айналасы қателік жасаса да, қорып, қолдаған. Демек, ең алдымен Бишімбаевтың осындай болуына ең бірінші ата-анасы кінәлі. Келесі бір нәрсе, байқасаңыз, ол тым қатыгез. Бұл қатыгездікті де ол ең жақын адамдарынан көшіріп, бойына сіңірген.

Ол үшін адамды қорлау, ұру, соғы  қалыпты жағдайға айналған. Ол өз әрекетіндегі бұл қатыгездікті қателік деп ойламайды да. Сондай-ақ әйелге деген құрмет мәселесінде де Бишімбаев бала кезінен әйелге деген құрметті айналасынан көрмеген. Егер ол әйелді сыйлау, әйелге қамқор болу сияқты дүниелерді титтейінен көріп өссе, мынадай қадамға бармас еді.

Ал енді Бишімбаевтың тоқтаусыз өтірік сөйлеуі тікелей ата-анасымен байланысты. Ата-ана шындықты талап етсе, өтірік айтуына тыйым салып өсірсе, үлкейгенде бала өтірік сөйлемес еді. Өтірікті сапырған баланың әрекетін дер кезінде тыймаса, өскенде суайт пайда болары анық.

Ең бастысы — өзгелерді кінәлау әдеті Бишімбаевта әбден қалыптасқан. Байқасаңыз, айналасындағы тірі жаннан бастап, жансыз заттарға дейін бәрі кінәлі. Тек Бишімбаевта кінә жоқ. Мұндай әдетті де бала ата-анасынан бойына сіңіреді”,- дейді Олжас Сейітов.

Бұдан шығатын қорытынды, әр ата-ана өз бойындағы кемшіліктермен күресіп, қателіктерін түзетпей, баласынан керемет жетістік күтпей-ақ қойсын. Бала үйдегі бүкіл жағдайды ертең өскенде, өмірінде қайталайды.

Democrat.kz.

Фото ашық дереккөзден алынды.

@seitov_official

Почему Бишимбаев такой монстр? #бишимбаев #психологическийразбор #нукенова #психология #рек #рекомендации

♬ оригинальный звук — Олжас Сеитов