Біздің депутаттар діндарлардан қорқа ма, неге бұлай «лақтырып отыр»?

0
1361

Алматының қоғам белсендісі, Медеу ауданының тұрғыны Әсел Таухан «Нұр-Мүбарак» ислам университетіне бюджет қаржысын миллиардтап білім гранты түрінде бөліп отырған ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігін сотқа беріп, заңсыз шығындалған қаржыны мемлекетке қайтартуды талап еткен.

Егер арыз Азаматтық рәсімдік-процестік кодекске (АРПК) сәйкес болса, сот арызды қабылдайды, сәйкес болмаса бірден кері қайтарып қарамай тастайды.

Алматының ауданаралық мамандандырылған әкімшілік соты (бұдан әрі сот) Әсел Тауханның арызын қабылдап, өндіріске алып, жауапкер ретінде министрліктің өкілетті заңгерін қатыстыра отырып арызды мәні бойынша қарай бастады.

Бірақ, соттың екінші отырысында судья кенеттен арызды мәні бойынша қараудан бас тартатын шешім шығарды. Сот шешімінде арызды иесіне кері қайтарудың нақты себебі айтылмады.

Әрине, бірінші рет — министрлік тарапынан, екінші мәрте – аудандық сот тарапынан конституциялық құқығы бұзылған Ә.Таухан қалалық сотқа жеке шағым жазды.

Сонымен қатар, Ә.Таухан өзі дауыс беріп тікелей сайлаған депутаты Бакытжан Базарбекке және «Ұлтым дегенде Ұрымды, халқым дегенде Қырымды күңірентетін» депутаттарға – Ермурат Бапи мен Ринат Заитовқа да хат жолдады.

Бұл үш депутат «Ескі Қазақстан» тұсында қолды болған қазынаның қаржысын «Жаңа Қазақстанның» бюджетіне қайтарайық деп ұрандап, алдына жан салмай жүрген белсенді депутаттар.

Бақытжан Базарбекті былайғы жұрт халық қамын ойлаған білікті заңгер деп біледі. Дегенмен Б.Базарбек өзінің сайлаушысы Әсел Тауханның өтініш-арызына немқұрай қарап, оны Оқу-ағарту министрлігіне қарай «лақтыра салды».

Әлбетте, Оқу-ағарту министрлігі арызды Ғылым және жоғарғы білім министрлігіне «лақтырды».

Бұл министрлік арызды Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарай «лақтырды». Мұнда, соңғы министрлік құрамында Дін істері комитеті бар…

Депутат Ринат Заитов Әсел Тауханның арызын бір мезетте ҰҚК мен Мәдениет және Ақпарат министрлігіне қарай «лақтырды».

Ал депутат Ермұрат Бапи Алматы тұрғыны Әсел Тауханның арызын бірден Дін істер комиетіне қарай «лақтырды».

Қысқасы, зайырлы Қазақстанның қамын ойлап, конституциялық дағдарысты болдырмаудың алдын алу үшін өрескел заңсыздықты қайта қалпына келтіруге ниет танытқан Әсел Тауханның бастамасына депутаттар да, мемлекеттік органдар мен сот та немқұрай қарап отыр.

Діннің мемлекеттен бөлек екенін, Конституция бойынша діні мен ұлтына, тұрғылықты жері мен лауазымды қызметіне қарамай бәрінің заң алдында тең екенін, діни оқу орындарына бюджеттен ақша бөлу заңсыз екенін біле тұра, шенеуніктер қарекет жасағысы келмейді.

Әрине, бұл проблема, азаматтардың теңдік құқығын талап ететін арыз түрінде Конституциялық сотқа жететіні анық.

Сонда депутаттар, министрлер мен судьялар Конституцияға кепілдік беретін Президентке қандай уәж айтады екен?!.

«Бір діни ағымды ерекшелеп мемлекет тарапынан қаржыландыру конституциялық дағдарысқа апаратынын біз білмедік…» деп өтірік мүләйімсіп ақтала ма?!.

Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін.