Экс-министр Тұрғымбаевтың түрмедегі жағдайы қандай?

0
92

ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мен Астана сотында бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жазасын қалай өтеп жатқаны айтылды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тамызда сот Тұрғымбаевқа лауазымдық өкілетін асыра пайдаланғаны үшін шартты түрде 5 жылға үкім шығарды.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімі 2024 жылғы 26 тамызда заңды күшіне енді, оған шағым түспеген.

«Сот үкімімен пробациялық бақылау белгіленді, оны уәкілетті мемлекеттік орган тұрғылықты жері бойынша пробация қызметі арқылы жүзеге асырады», – деп жазылған сот мәліметінде.

Пробациялық бақылау қағидалары бойынша Тұрғымбаевтың уәкілетті мемлекеттік органға хабарламай, тұрақты тұрғылықты жерін немесе жұмысын өзгертуге құқығы жоқ.

Сотта «экс министр арнайы білезік таға ма» деген сұраққа да жауап берілді. Мәліметке сүйенсек, қылмыстық істі қарау кезінде сотталған адам білезік тақпаған, өйткені ол қамауда болған. Қазір жағдай қалай екені нақтыланбады.

Еске салайық, бұған дейін сот билікті асыра пайдаланды деп айыпталған бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың ісіне қатысты үкім шығарғаны хабарланды.

Сот үкімімен экс-шенеунік ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жылға белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырыла отырып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Оған сыбайлас жемқорлыққа қатысты айып тағылмағандықтан, ҚР Қылмыстық кодексінің 63-бабы негізінде тағайындалған жазаны шартты деп санау ұйғарылды.