Еліміздің бірқатар ғалым, академиктері Президентке ашық хат жолдады

0
892

Еліміздің педагогика саласының ғалымдары, академиктері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа білім саласына қатысты ашық хат жолдады деп хабарлайды Democrat.kz.

Ашық хатта ел азаматтары қазіргі білім саласындағы олқылықтар мен оның орнын толтырудың жолдарын көрсетіпті. Назарларыңызға ашық хаттың тұтас мәтінін ұсынамыз.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа

АШЫҚ ХАТ

Елімізде жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беру мәселесі аса маңызды мәселелердің бірі болып табылады.

2020 жылы өткен Ұлттық қоғамдық сенім Кеңесінің отырысында сөйлеген сөзіңізде оқушылардың білім деңгейі дамыған елдерден айтарлықтай төмен екенін, оны көтеру үшін жүйелі және ойластырылған реформа жүргізу қажет екеін айтқан едіңіз.

Біз – Қазақстан педагогикалық ғылымдар Академиясының академиктері мен корреспондент мүшелері, танымал ғалымдар, сіздің айтқан пікіріңізді бар жағдайда терең саралай отырып айтылған пікір деп, толық қолдаймыз.

Осы мақсатта білім саласы қызметкерлері мен ұстаздар және зиялы қауым өкілдерімен ақылдаса отырып жазған ой-толғамдарымызды ашық хатпен жеткізуді жөн көрдік.

Әлемде оқушылардың білім сапасын анықтауда PISA зерттеуі кең қолданылады. Зерттеуде оқушылардың білім сапасы математика, оқу және жаратылыстану сауаттылықтары бойынша 6 деңгейлі тапсырмалар негізінде анықталады.

PISA 2022 зерттеуіне қатысқан қазақстандық оқушылардың 3 – 4%-ы ғана 5 – 6 деңгейдегі тапсырмаларды орындай алды, ал 96 – 97%-ы орындай алмады, бұл олардың білім сапасы төмен екенін көрсетеді.

Орта білім беру жүйесі аса күрделі жүйе болғандықтан, оның сапасын көтеру үшін, алдымен, оның жүйе құраушыларын тауып, солардың сапасын көтеру керек. Оның 8 жүйе құраушысы анықталды, олар: білім стандарттары мен оқу бағдарламалары; оқу әдебиеті; педагог кадрлардың кәсіби біліктілігінің сапасы; білім беру сапасын бағалау; рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру; ғылыми-зерттеу жұмыстары; басқару жүйесі; материалдық-техникалық база.

Әр жүйе құраушысының сапасын көтеру проблемасына қысқаша ғана тоқталайық.

Білім стандарттары мен оқу бағдарламаларының сапасын көтеру үшін орта білім беру моделін, оқушыларға қай сыныпта не оқыту және қалай оқыту керегін анықтау керек.

PISA зерттеулерін саралай отырып, білім сапасы озық елдерде 6 + 3 + 3 моделі негізінде жұмыс жасайтын 12 жылдық орта мектеп бар екені анықталды: 6 жыл – бастауыш мектеп; 3 жыл – орта мектеп; 3 жыл – жоғары мектеп. Бастауыш мектепте, 6 – 11 жас аралығында бала бойында әртүрлі ғылымдардың негізін меңгеру үшін қажетті қабілеттер қалыптаса бастайды; орта мектепте, 12 – 14 жас аралығында дербес, өз бетімен жұмыс жасау қабілеттерінің қалыптасуына байланысты, оқу іс-әрекеті жаңа деңгейге көтеріледі, ал жоғары мектепте, 15 – 18 жас аралығында оқушылар әртүрлі білімді, соның ішінде, қалаған пәндерін терең меңгеруге талпыныс жасайды.

Бұл модель балалардың психо-физиологиялық даму ерекшелігіне сәйкес келеді және олар берілген білімді еркін меңгере алады.

Қазақстандағы 11 жылдық мектеп 4 + 5 + 2 моделі негізінде жұмыс жасайды: 4 жыл – бастауыш мектеп, 5 жыл – орта мектеп, 2 жыл – жоғары мектеп. Бұл модель негізінде балаларға олардың психо-физиологиялық даму ерекшелігіне сәйкес білім берілмейді.

10 жаста 5-сыныпқа келген балаларға әртүрлі ғылымның негізін беретін пәндер оқытылады, бірақ олар бұл пәндерді меңгере алмайды, содан олардың білім сапасы күрт төмендейді. Оны өмір көрсетіп отыр.

Қазақстан, Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия және Канада елдерінің оқу жоспарларына салыстырмалы түрде талдау жасадық.

1 – 4 (6)- сыныптарда қазақстандық оқушылар нақты ғылым салаларына қатысты пәндерді аталған елдердің оқушыларына қарағанда, көп сағатпен артық оқиды, ал технология және өнер; дене шынықтыру пәндерін, керісінше, аз оқиды.

7–9-сыныптарда, бұл елдерде, нақты ғылым салаларына қатысты 4–6 пән оқитын болса, бізде 7–8-сыныптарда 15 пән, ал 9-сыныпта 16 пән оқытылады. Оқушылар осынша пәнді терең меңгере алмайды.

10-11-сыныптарда бізде, оқушыларға оқытылатын пәндерде көп айырмашылығы жоқ, жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттарда білім беріледі, ал бұл елдерде 10 – 12-сыныптарда оқушыларға болашақта таңдаған мамандықтарын университеттерде жақсы меңгерулеріне қажетті білім беріледі.

Оқылатын пәндердің мазмұнын салыстырмалы түрде зерттегенде, бізде әр тақырыпты оқытқанда көп көлемде ғылыми сипаттағы ақпарат берілетіні, яғни «білім – білік – дағды» парадигмасы сақталып отырғаны, ал дамыған елдерде өмірлік жағдаяттармен байланыстырылып нәтижеге бағдарланған білім беру парадигмасы қолданылатыны анықталды.

1988 – 1989-жылдары, бұдан 35 жыл бұрын білім берудің жаңа мазмұнына көшкен Прибалтика елдерінің білім сапасы, қазіргі уақытта жоғары деңгейге көтерілді. PISA 2022 зерттеуі бойынша Эстония 7-орынды иеленді. Біз осы уақытқа дейін, ескі білім мазмұнынан кете алмай келеміз.

Еліміздің ғылымы мен техникасын дамыту – басты мақсаттардың бірі. Өкінішке қарай, казақстандық инженерлер осы уақыта дейін бір қарапайым кір жуатын машина жасай алмай отыр, себебі біздің университеттер ғалым-инженерлер дайындамайды, біз инженер кадрлар дайындауда дамыған елдерден бір саты қалып келеміз.

Бізде институтқа түскен жастар жоғары сыныптарда инженерлік мамандықты меңгеруге қажетті пәндерді 3 жыл бойы тереңдетіп оқымағандықтан, олар ғалым-инженер бағдарламаларын меңгере алмайды.

Қорыта айтқанда, біз 12 жылдық мектепке және нәтижеге бағдарланған білім беру парадигмасына көшпейтін болсақ, алдағы ондаған жылдарда да білім сапасы көтерілмейтін болады.

Педагог кадрлардың сапасын көтеру.

MсKinsеy&Company ғалымдары оқушылардың білім сапасының мұғалімдердің құзыреттілігіне тәуелділігін анықтау мақсатында АҚШ-тың 3 штатында көлемді зерттеу жүргізген.

Нәтижесінде, 8–11 жас аралығында, кәсіби құзыреті жоғары және төмен мұғалімдерден білім алған оқушылардың білім сапаларының айырмашылығы 53%-ды құраған. Әрі қарай жүргізілген зерттеудің нәтижесінде, 11 жаста үлгерімі нашар болған оқушылардың тек 25% ғана, 14 жасқа толғанда меңгерулері қажетті стандарт талаптарына сай білім ала алатыны, ал 75%, яғни 4 баланың 3-еуі ондай деңгейде білім ала алмаған.

Баланың білім алу қабілеті төменгі сыныптарда қалыптасатынын ескеріп, білім сапасы озық елдерде, бастауыш сыныптарда тек магистрлар ғана сабақ береді. Бізде бастауыш сыныптарда, сабақ беретін мұғалімдердің тек 3%-ы ғана магистр дәрежесі бар мұғалімдер.

Қазіргі уақытта, еліміздің кей аймақтарында, мектепте сабақ беріп жүрген мұғалімдердің 60% – 70%-ын жекеменшік педагогикалық оқу орындарын сырттан оқыған мұғалімдер.

Олардың кәсіби құзыреті дамыған елдерде сабақ беретін магистрлердің құзыретінен төмен болғандықтан, олар оқытқан оқушылардың білім сапасы да төмен болады. Сондықтан аса маңызды проблемалардың бірі – мектептерде сабақ беріп жүрген мұғалімдердің білім сапасын көтеру.

Дамыған елдерде, мұғалімдердің кәсіби құзыретін көтеру үшін, олардың бір-бірінен үйренулеріне жағдай жасалып, өзара тәлімгерлік жұмыстар атқаруларына көп көңіл бөледі. Бұл мектеп өмірінің қалыпты әрі тұрақты жағдайына айналған.

Қандай болса да мұғалімнің кәсіби құзыреті ол оқытқан оқушылардың білім сапасымен анықталуы қажет. Дамыған елдерде «білім ала алмайтын бала болмайды, оқыта алмайтын ұстаз болады» деген түсінік бар. Сондықтан ол елдерде «лайықты адамдар ғана ұстаз болуы керек» деген ұстаным негізге алынған.

Оқулық сапасын көтеру.

Бұл мақсатта біраз жұмыстар атқарылды. Оқулық жасау және бағалау теориясы жазылды, оқулық сапасына теориялық сараптама жүргізу үшін критерийлер жүйесі жасалып, қолданысқа енгізілді. Авторлардың құзыреттерін көтеру мақсатында арнайы курс ұйымдастырылды. Оқулық сапасын көтеруде жасанды интеллект пайдалану жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта сарапшылар сапасын көтеру және пәндік комиссия жұмыстарын жетілдіру қажет.

Дамыған елдерде сызықтық оқулықтар жазылады, яғни бір пән бойынша барлық сыныптарда оқытылатын оқулықтарды бір авторлық ұжым бір концепциямен жазады. Бізде жыл сайын конкурстар өткізіліп, жаңа авторлар анықталады. Әртүрлі концепциямен жазылған оқулықтар оқушылардың сол пәнді терең түсінулеріне көп кедергі келтіреді.

Білім мониторингі сапасын көтеру

Әлемдік озық тәжірибеде «білімде бағалау болмаса, сапа болмайды» деген қағида ұсталады. Біз мысалы, «8-сыныпта оқып жатқан оқушылардың физика, химия және басқа да пәндерден білімдері қандай?» деген сұраққа жауап ала алмаймыз, себебі олардың білімін объективті түрде бағалайтын инструменті жасалмаған. Сондықтан дамыған елдердің озық тәжірибелерін зерделей отырып, отандық білім сапасын бағалау инструментін жасау керек.

2023 жылы маусым айында Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде, жас ұрпаққа рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беруге баса мән беру қажет екенін айтқан едіңіз. Тәрбие сапасын көтеру мақсатында жүйелі түрде көптеген жұмыстар жүргізу қажет.

Ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасын көтеру

Білім сапасын көтеру мақсатында нәтижелі реформа жүргізген елдерді анықтап, сол елдердің іс-тәжірибесін мұқият зерттеу керек. Осындай жұмыстардың нәтижесінде, отандық тәжірибені ескере отырып, 12 жылдық мектепке өту концепциясы мен кешендік жұмыс жоспары жасалып, онда атқарылуы тиіс барлық ҒЗЖ -ды көрсету керек.

Басқару жүйесінің сапасын көтеру

Білім беру саласын басқару проблемасы – ең өзекті проблемалардың бірі болып тұр. Білім саласы басшылары мен мектеп директорларының кәсіби құзыретін көтеру мақсатында дамыған елдердің іс тәжірибесін зерттей отырып, бұл жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу қажет.

Материалдық-техникалық база сапасын көтеру.

Қазіргі уақытта педагогикалық практикада оқу мақсатындағы материалдық-техникалық құралдар мен жасанды интеллекті тиімді пайдалануға айтарлықтай көңіл бөлінеді.

12 жылдық мектепке өту кезең-кезеңмен жүргізіліп, әр оқу жылында бір сыныптан өтуді іске асыру қажет деп есептейміз. Сонда алдағы оқу жылында жаңа бағдарлама бойынша оқитын сыныптардың МТБ жабдықтау мәселесі нақты анықталып, сол жұмыстарды жүргізуге баса назар аудару керек.

Орта білім сапасын көтеру үшін оның жүйе құраушыларының сапасын көтеру қажет деген идеяның дұрыстығын ішінара анықтау үшін 2018 – 2019 және 2019 – 2020 оқу жылдары Түркістан облысында көлемді эксперимент жүргізілді. Оған 4 ауданнан 30 мектеп, 400-ге тарта мұғалім, 3 мыңнан аса оқушы қатысты.

Онда білім стандарттары мен оқу бағдарламалары және оқу әдебиеті сапасынан басқа, 6 құраушының сапасын орталықтан атқарылатын жұмыстармен бірге, мектептің, аудандық және облыстық білім басқармаларының ішкі резервтерін пайдалану арқылы көтеру мақсаты қойылды. Ол үшін ғылыми-практикалық тұрғыда жүйелі жұмыс жүргізілді.

Экперимент нәтижесінде, оған қатысқан оқушылардың білім сапасы, эсперимент жүргізілген пәндер бойынша, оған қатыспаған оқушылардың білім сапасына қарағанда, орта есеппен, 4,5%-дан 9,5%-ға дейін көтерілді. Бұл эксперимент идеясының дұрыстығын, яғни жүйе құраушылардың сапасы ғылыми-практикалық негізді жүйелі түрде көтерілетін болса, онда білім сапасы көтерілетінін дәлелдеді.

Елімізде орта білім беру сапасын көтеру мақсатында атқарылуы қажетті көптеген өте күрделі және аса ауқымды проблемалардың қордаланып қалғанын және бұл саланың елдің өркендеп дамуының түп қазығы екенін ескере отырып, орта білім сапасын көтеру үшін арнайы Үкімет қаулысын қабылдау қажет деп есептейміз.

Қаулыда:

– 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу қажеттігін ғылыми негізде саралап көрсету;

– 12 жылдық мектепке көшу үшін 12 – 14 жылға арналған көлемді реформа жүргізу қажеттігін, яғни 12- сынып 13 жылдан кейін ғана керек болатынын айту;

– мұндай реформа жүргізу үшін білім сапасы жоғары елдердің (мысалы, Жапон, Эстония елдері мен Қытайдың Шанхай провинциясы) іс-тәжірибесін мұқият зерттеу жолын;

– 12 жылдық орта білімге көшудің концепциясы мен кешенді жұмыс жоспарын дайындау қажеттігін;

– осындай реформа жүгізу үшін қажетті қаржы бөлу жолдары анықталып, басқа да атқарылатын жұмыстар көрсетілуі керек.

Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ,

Германияның доктор-инженері, п.ғ.д., профессор, Қазақстан педагогикалық ғылымдар Академиясының (ҚПҒА) президенті, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Парасат орденінің иегері, ҚПҒА академигі

Аягүл МИРАЗОВА,

Қазақстанның Еңбек Ері, Алтын жұлдыз, Отан ордендерінің иегері, ҚПҒА академигі

Ұлықпан СЫДЫҚОВ,

философ.ғ.д. профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚПҒА академигі

Марат ТОҚАШБАЕВ,

Қазақстанның Құрметті жазушысы, профессор, ҚПҒА академигі

Алтынбек ӘМІРҰЛЫ,

т.ғ.д., профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, Қазақстан жасанды интеллект академиясының президенті, ҚПҒА академигі

Мақтағали ӘБДІМӘЖИТҰЛЫ,

ф-м.ғ.д., Абай атындағы Қазақ ҰПУ профессоры, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, ҚПҒА академигі

Берікжан АЙТҚҰЛҰЛЫ,

п.ғ.д., Абай атындағы Қазақ ҰПУ профессоры, Құрмет орденінің иегері, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, ҚПҒА құрметті академигі

Дереккөз “Қазақ әдебиеті” .

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.