Ең арзан мектеп формасы қай жерде?

0
187

Жаңа оқу жылы жақын қалды. Ендігі әр ата-ананың басты проблемасы — мектеп жасындағы баласының керек-жарағын дайындау. Democrat.kz. ақпараттық порталы биылғы оқу жылына бір баланы дайындауға қанша шығын кететінін сұрастырып, есептеп көрді.

Жамбыл облысының тұрғыны Нәзира Сманқызы былтыр екі баласын мектепке дайындауға орталама 150 мың теңгедей кеткенін айтады.

«Бішкекке барып алдық көп затты. Біздің базарда 15-18 мың теңгеден сатылған форманы қырғыздың базарынан 10-12 мың теңгеден алғанбыз. Биыл да мүмкін болса, сол жақтан алам деп отырмын. Өйткені біздегі мектеп құралдары, сөмке, форма, аяқкиім удай қымбат»,- дейді.

Ал алматылық ата-ана Жанар Қойшыманова: «Екі үлкен баламның былтырғы формаларын екі кішкентайым киеді. Ал үлкендеріне аяқкиім, форма, сөмке алуға деп 200 мың теңге сақтап отырмын. Әрине, ол ақшам жетсе. Жетпеуі әбден мүмкін. Себебі қазірдің өзінде формалардың бағасы аспандап кетті»,-дейді.

Алматылық келесі сұхбаттасымыз Жарқын Сұлтанбек «шайтанбазардан» балаларын киіндіретінін айтады. «Басқа амалымыз жоқ. Атақты «шайтанбазарға» барып, ескі-құсқы сөмке, аяқкиім, формаларды аламыз. Жаңасын әперуге шама жоқ. Дәптер, қаламын сатып алуға деп екі балаға 25-30 мың теңге жұмсайтынымыз сөзсіз»,- дейді.

ТМД елдері бойынша ең қымбат мектеп формасы Қазақстанда екен. Ал ең арзан мектеп формасы — Әзербайжанда.

Қазақстанда бір баланы судай жаңа заттармен мектепке дайындау үшін кемі 100-150 мың теңге қажет. Мектеп формасы — 20-25 мың теңге, сөмкесі — 5-8 мың теңге, ақ жейде -4-6 мың теңге, аяқкиімі — 15-17 мың теңге, дәптер, қаламы — 5-8 мың теңге, шұлық, ауыстырып киетін жейдесі, дәптер, кітап қаптағыш, сурет дәптері, бояу т.б үшін кемі 15-20 мың теңгеңіз болуы керек екен.

Дайындаған — Хақназар САДЫРХАН.

Democrat.kz.

Фото интернеттен көрнекілік үшін алынды.