Ғалымжан Құрманбек «байқамай айтыпты»

0
1216

Таяуда қоғамды дүр сілкінтіп, өзін қазақпын деген әр азаматтың намысын, ашуын оятқан Ғалымжан Құрманбекке қатысты шағымға Шымкент қалалық діни басқармасы жауап беріпті деп жазады Democrat.kz.

Естеріңізде болса, әзілкеш Ғалымжан Құрманбек: «Бөгенбай батыр, Қарасай батыр, Қабанбай батыр, Райымбек батыр жер үшін емес, дін үшін соғысты!» деп алқалы жиында айтқан болатын.

Тарихты бұрмалай сөйлеу арқылы өзін тыңдаған қауымды астыртын дін үшін күреске шақырған әлгі әзілкештің үстінен жүздеген кісі тиісті орындарға шағым түсірген еді.

Өкінішке қарай, қазақтың тарихын, қазақтың елі, жері үшін күрескен батырларын қорғауға бағытталған бұл шағымға төмендегідей жауап беріліпті.

Қысқасы, Ғ.Құрманбек ол сөздерді байқамай айтыпты және ел арасында бүлік шығаруды мақсат етпепті. Шымкент қалалық діни басқармасының басшысы Б.Унербаевтың пайымынша әзілкеш Ғалымжан әлгі жиында күңіреніп тұрып, дауысын зорайтып, мақамын келтіре отырып, «байқамай» қазақ батырларын дін үшін күрескен «дей салыпты».

«Әлеуметтік желіде әлдебір посттарға лайк басқаны үшін, басқаның сөзін қолдап пікір жазғаны үшін пәлен жылды арқалап кетуде. Мұнан бөлек, теріс діни ағымдардың кітабын оқыған қаншама кісі темір тордың артында отыр. Терроризмге шақырды деген айыпты арқалаған қанша кісі бар.

Ал террорист ретінде кемі 7 жыл бас бостандығынан айырылған адам түрмеде жатқанын білесіздер. Ал ашықтан-ашық «батырларымыз дін үшін соғысты» деп тарихты бұрмалай отырып, діни соғыстың дұрыс екенін астарлап айтқан Ғалымжан Құрманбекке заң жоқ па?»,- дейді дінтанушы Тұрарбек Құсайынов.

Сонымен қатар хатқа қол қойған және басқа да еліміздің азаматтары бұл мәселені жылы жауып қоймау керегін айтып, мәселені соңына дейін жеткізуді мақсат етіп отыр.

Әзірге жүздеген адам қол қойған өзге шағым хаттарға Президент Қ.Тоқаевтан, Бас прокурор мен ҰҚК төрағасынан  ресми жауап келмеді.

Фото интернеттен алынды.