Грекия Қазақстанды айыптады
Грек прокуратурасы орман өртінен кейін оқиға орнынан бой тасалаған Қазақстанның белгілі тұлғаларына айып тақты. Гидра аралында яхта жалдап, отшашу атып, орман өртін тудырғандардың ішінде 2 кәмелетке толмаған бала бар, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Грекия прокуратурасы өткен аптада Идра аралында жалданған яхтаның бортында болған 8 қазақстандыққа орман өртіне қатысы бар деген айып тақты. Екі кәмелетке толмаған жасөспірім жауапкершілікке тартылмайды», — деп жазды Ekathimerini басылымы.
Грек билігі яхтаны жалға алған қазақстардың елге тайып тұрғанына байланысты, оларды тергеп үлгірмеген. Сондықтан Қазақстан билігінен тергеуге көмектесуді сұрап отыр.
Басылымның жазуынша, өрт орнында табылған жаңа дәлелдер қылмыстық істі қозғауға себеп болған. Өрт сөндірушілер аралдан отшашудың қалдықтарын тапты. Қазір яхта капитаны мен капитанның бірінші көмекшісі ұсталды. Қалған ұсталған экипаж мүшелері кепілмен босатылған.
Бұған дейін Грек орманын өртеп қашқан қазақтардың арасында қалтасы қалың олигархтар бар екенін жазған болатынбыз.
Еске салайық, Гидра аралындағы орман өрті 300 мың шаршы метр жерді шарпыған.
Бірнеше жергілікті БАҚ өртке қазақстандықтардың қатысы барын хабарлады. Туристер алдымен тілсіз жауды өз күшімен ауыздықтауға тырысқан, бірақ сөндіре алмаған соң, өрт күзетіне хабар беріп, өздері кетіп қалған. Кейінірек Грекия билігі қайықтан отшашу атқан 13 адамды ұстады. Гректің кейбір ақпарат құралдары өртке қатысы бар 17 пәкістандықтың да ұсталғанын жариялады.
Қазақстанның СІМ өкілі Айбек Смадияров Грекия билігінің ресми ақпаратына сәйкес, ұсталғандар арасында қазақстандықтар жоқ деген болатын.
Фото интернеттен алынды.