Хайпажорлар жұртты сауып өмір сүріп жүр
Атың шықпаса “желіні” өрте! Хайптан тайып жығылған пенде көп. Тіпті тайып жығылатынын білсе де үнемі әдейі жасайды. Неге?
Себебі, жұрт соны талқылайды, таратады. Есесіне ол хайптан оқырман жинайды, танымалдығын арттырады. Бұл соңғы 5-6 жылдағы әлеуметтік желінің жұлдыздарының әдетіне айналған тірлік.
Біраз бей әдеп тірлік жасаған, желіде шешенсінгендер мен шешінгендер бұл жұрттың есінде шығар. Оларды да кезінде жұрт талады, жерден алып жерге салды. Бірақ, көп өтпей жұрт ұмытты.
Есесіне олар қазір тренер, психолог, коуч, танымал блогер. Ақшасын тауып, жұртты сауып өмір сүріп жүр.
Әлгі жігіттікі де сол тірлік, сол жоба. Олардың сөзімен айтқанда әдемілеп тұрып хәйіп жасап алды. Бүкіл елге танылды, ел таныды. Оның мақсаты орындалды. Енді 2-3 рет кешірім сұрап құтылады.
Мәселені екі жолмен шешу керек негізі. Біріншісі ол заң. Нақты заң бойынша үстінен арыз жазып, соған қарай жазалату. Құқықтық ел боламыз десек, дұрысы сол. Әркім білгеніне қарай лағып оттай бермеуі қажет.
Екінші жол, елемей қою, парақшасынан оқырман ретінде жазылмау. Ондайларға ең ауыр жаза сол.
Кешегі хайпажорлар бүгінгі жұлдыз екенін ескерсек, бұл да келешектің жұлдызы.
Жә, айтайын дегенім негізі әлеуметтік желіні сондайлардың ермегі етіп, халықты тобырға айналдырмас үшін сауатты халық бір уақыт сауатты дүние жазып, есі дұрыс әңгіме айтып, желідегі бостықты толтыру керек.
Онсыз оқырман жұртты бұндайлар тобырға айналдыра беретіні сөзсіз.
Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ, білікті ұстаз.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.