“Йоу орыстар!”: Сот үкімі әділ және қатал болды
«Итің жаман» десе, намыстанатын елміз… Өзін сатирик санайтын Темірлан Еңсебектің бас бостандығын 5 жылға шектеу туралы түрлі пікірлер айтылып жатыр. Біреулер өте ауыр жаза тағайындалды десе, екіншілері жеңіл құтылып кетті дейді. Меніңше, сот үкімі әділ әрі қатал болды. Неге? Өз ойымды тарқата кетейін.
Бізде бұған дейін чат-рулеткада, басқа жерде ұлтараздықты қоздыратын пікір айтқандарға ауыр жаза тағайындалып, бірнеше жылға бас бостандығынан айырылды. Біздің елде мұндай нәсіліне, ұлтына, дініне қарап кемсітуге жол берілмейді. Заңның аты – заң.
5 жыл бас бостандығын шектеу – әділ жаза. Себебі Темірлан Еңсебек қолданған «Йоу, орыстар» тұнып тұрған хейт, қорлау. Сөзіне мән беріп қарасаңыз, Қазақстан халқының бір бөлігін ашықтан ашық қорлайды.
Бәлкім, сіз сөзінде тұрған не бар деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда «тамшы тас жарады» демекші, осындай бір қарағанда болмашы көрінетін дүниелер бірте-бірте араздықты қоздыра береді. Итің жаман десе намыстанатын елміз.
Әнді естіген орыс этносының өкілі намыстанбайды дейсіз бе?! Осындай ән-сымақтар шыға берсе, оны тарата берсе, қарапайым адамның миына стереотиптік пікір қалыптастырып, айналасына сол призмасымен қарайды. Сол себепті Темірлан Еңсебектің жазасы әділ деп есептеймін.
Оның үкімі екінші жағынан қатаң деп ойлаймын. Өйткені енді оған журналистік, құқық қорғау және қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Волонтерлікпен және қайырымдылықпен шұғылдана алмайды. Бейбіт жиындарға қатысуы шектелген. Шетелге шықпайды. Ойлап қарасаңыз, біраз дүниеден шектеп тастаған.
Адамның 5 жыл бойы осы істермен айналыса алмауы оның көптеген мүмкіндігін шектейді. Темірлан Еңсебектің медиа саласына жақын екенін ескерсек, қатал жаза деуге келеді.
Жеке танымаймын, бірақ ол сырттай шетелдік грантқа отырып алған адам секілді көрінеді. Сот шешімі мұндай жобаларға қатысуына тыйым салған.
Оның паблигі әу бастан ұнаған емес. Талай мәрте таныстарымыз оның фейк контентіне сеніп қалған. Сондықтан ендігі жерде Темірлан Еңсебек халықты шатастыратын дүние жасаумен емес, елге нағыз пайдасы тиетін іспен шұғылданғаны дұрыс.
Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.
Фото көрнекілік үшін.