Қарасайлық мұғалімдер қасқайып талаптарын қойды

0
1267

Алматы облысы, Қарасай ауданындағы Жаңатұрмыс ауылдық мектебінде Оқу ағарту министрлігінің өкілі Ернұр Дәуенов мұғалімдермен жиын өткізді деп хабарлайды Democrat.kz.

Бұдан алдыңғы мақаламызда министрлік өкілінің бұл келісі — «Мақсатты мектеп» жобасына қатысты екенін жазған едік.  Қанша уақыттан бері мұғалімдердің наразылығын тудырып жатқан «Мақсатты мектеп» жобасына қатысты  бұл күні Ернұр Дәуенов түсіндірме жұмысын жүргізу үшін арнайы келген екен.

Бізді таңғалдырғаны және қуантқаны — мектеп мұғалімдері «министрліктен адам келе жатыр» деп еш қорқып, сасқалақтап, қашқақтамады.

Керісінше, «келсін, бүкіл талабымызды айтамыз. Бұл — біздің жеке мәселеміз емес, тұтас елдің мәселесі. Керексіз жұмыстармен жұмысымызға кедергі жасамасын» десіп, Ернұр Дәуеновті қанша кешіксе де, кетпей, күтіп отырды.

Кез келген жаңа жоба алдымен түсіндіріліп, сосын іске қосылатынын ескерсек, Ернұр Дәуенов бастаған топтың бүгін Жаңатұрмыс ауылдық мектебіне келуі ашық хатпен байланысты емес пе?

Көкейдегі бұл сұрақтарға әрине Қарасай аудандық білім бөлімі өкілдерінен «жоқ» деген жауап алдық. Әйтсе де, бұл жауапқа сену мүмкін бе?

Жиынға журналисті қатыстырмауға тырысты. Мұғалімдердің талап етуінің арқасында, БАҚ туралы заңды алға тартып жүріп, жиынға қатыстық.

Не байқадық? «Мақсатты мектеп» жобасының тестін тапсырудан бас тартып, ашық хатқа қол қойған осы мектептің бүкіл мұғалімі басқалар сияқты бүгежектемей, қорықпай, керісінше министрлік өкілінің қарсысында емін-еркін отырды.

Бұл жобаның мұғалімге түк пайда бермейтінін, керісінше алаңсыз бала оқытуға кедергі келтіретінін, уақыт ұрлап, жүйкеге салмақ салатынын ашық айтты.

Жиында Ернұр Дәуенов «Мақсатты мектеп» жобасының білім сапасын арттыруда таптырмас құрал екенін баяндады.

Ал басты маңызды дүниелер Ернұр Дәуеновтің түсіндірме жұмысынан кейін айтылып бастады.

Осы жиында жүрегі бардың — жүрегіне, ақылы бардың — ақылына тиетін сөздерді Жаңатұрмыс ауылдық мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Жанпеисова Баян Биахметқызы айтты (суретте):

«Үйдің іргетасын құйып бастап, жартысынан тастап, басқа шаруамен айналысып кетсе, не болады? Іргетасы түп-түзу шықпайды, кейін тұтас үйге зиянын тигізеді. Солай ма? Біздің бастауыштың оқушысы да солай.

Бүгін бастауыш сынып оқушысының білім іргетасын қалап жатырмыз. Алайда жұмысымызға кедергісін тигізетін жұмыстар өте көп. Мен сабағымды тастап, тест тапсырмаймын. Өйткені мен оқушыма білім беруім керек.

Бастауыштың баласы бір сабақтың тақырыбын дұрыс түсінбесе, зардабын болашақта қоғам тартады. Ернұр мырза, мұғалім оқушысына шабыттана білім беруге тиіс. Ал қазір мұғалімдердің солай сабақ өтуіне мүмкіндік бермей отырсыздар.

Менің міндетім — бүгін оқушыны оқыту. Сол міндетімнің әр минуты қымбат. Қазір оқушы бір сабақты дұрыс түсінбей қалса, ертең ол олқылықтың орнын толтыру мүмкін емес.

Сол себепті де сабағымды тастап, басқа жұмыстармен айналыспаймын. Бос уақытымды да оқушыларыма арнаймын. Келесі сабағымда оқушыларыма қандай ерекше, керемет дүниелер үйретсем, оқытсам деген шығармашылық жұмыстармен айналысамыз.

Бізде тест тапсырып, курс оқитын уақыт жоқ.

Дәл қазір бізге оқушылармен бірге болу керек. Біз — болашақтың алдында жауаптымыз. Біз миллиондаған тағдырға жауаптымыз. Сіздерден сұрайтынымыз — алаңсыз сабағымызды өтуге жағдай жасаңыздаршы!» — деді.

Мұнан бөлек осы мектептің басқа да ұстаздарының «алаңсыз сабақ өтуге жағдай жасаңыздаршы» деген талап-пікірлері бір жерден шықты.

Бұл жиында «Мақсатты мектеп» жобасының заңсыздығынан бастап, білім сапасын арттырудың басқа да тәсілдері ұстаздар тарапынан ұсынылды.

Тест тапсырып, курс оқығаннан білім сапасы артып кететін болса, осыған дейінгі оқытылған «Өрлеудің» курстарынан неге нәтиже жоқ? Әлде «Өрлеудің» өткен айда оқытқан курстары арада бірер ай өткенде жарамсыз болып қала ма?

«Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілі және әдебиет пәндерін оқытудың тиімті әдістері туралы курстар, материалдар болса, қуана-қуана оқып, үйренер едік»,- дейді ұстаздар.

Өкінішке қарай, тесттің ішінен іліп аларлық және пайда берерлік  дүние таппағандарын ашық айтқан мектеп ұстаздары «мұғалімдерді босқа шаршату тоқтатылсын» деген талаптарын жеткізді.

Біз сөйлескен бұл мектептің басқа ұстаздары да бір ауыздан «тестке бармаймыз! Ашық хатқа қол қойдық, себебі біз заңды құқығымызды пайдаландық» десті.

Естеріңізде болса, аталмыш ашық хатқа қол қойып, артынан айнып қалған мұғалімдер болған еді. Олар неден қорықты? Кімнен қорықты? Дәл сол ашық хатқа қол қойған жаңатұрмыстық әріптестері аман-есен, күліп-ойнап, аудандық білім бөлімінің, Оқу ағарту министрлік өкілінің жиынында отыр ғой?! Оған мақаладағы суреттер куә. Ешкім-ешкімді қудалап, ешкім-ешкімге қысым жасап жатқан жоқ.

Ондай жағдай бола қалса да, заңды білетін, сауатты мұғалім өз құқығын қорғап шығатыны сөзсіз. Тек сауатсыз мұғалім ғана қорқақ болады.

Өз құқығын қорғап, қасқайып соңына дейін тұрған жаңатұрмыстық нағыз ұстаздарды ешкім жер планетасынан түсіріп тастамады ғой? Демек, «нағыз ұстаз» деген атқа екінің бірі лайық бола бермейді екен…

Дайындаған — Меруерт ХУСАИНОВА.

Democrat.kz.

Фото автордыкі.