Қазақ әйелдерінің руына қатысты профессор жауап берді
Владислав Тен деген кәріс бала: «Кәріс әйелдері тұрмысқа шықса, күйеулерінің руларын алмайды. Өздерінікін сақтап жүреді. Қазақ әйелдері ше?» деп сұрақ қойып, оған бір лақпа видеоны қосып, ел соған бола қырғын дауласып жатыр.
***
Менің жауабым:
Сұрақ таза абсурд, дау туғызу үшін қойылған болуы керек. ФБ-шыл адамдар ішінде анда-санда сондай болып тұрады. Шын мәнінде қазақта «үш жұрт» деген субстанционалды ұғым бар, ол еркекке де, әйелге де қатысты.
Дәстүрлі қазақ некесі екі ел, екі ру, екі ауыл, екі әлеуметтік топ арасында болады. Қазақ әйелі өзінің шыққан жұртын «төркін» деп атайды, анда-санда ауылына барса онысын «төркіндеу» дейді, әйелдің балалары үшін нағашы жұрт.
Қазіргі уақытта руын айтпаса да ауылын айтады, жақында біздің Шортанқаланың мәдениет саласын басқаруға жаңа адам бекітілді, «Қай жақтың қызысыз?» десем, «Зерендінің қызымын» дейді.
Бұл да қазіргі заманға жарасатын нұсқа. Қазақ бүкіл тіршілігі туыстық жүйеге байланғандықтан тіпті ұлы нағашыларын да ұмытпайды. Соңғы кезде әуесқой тарихшы, әуесқой этнографтар көбейді, әр жерден бірдемені оқып алып, не видео көріп алып, соны өзінің жадағай түсінігімен елге ұсынып, басын қатырып қою көп.
Әр ғылымның өзінің жолы бар, тарихшы мен этнограф мамандықтарын игеру үшін адам ондаған жылдар көз майын тауысып еңбек жасау керек, кемі жиырма-отыз пәнді игеру керек, оның үстіне жөн сілтейтін тәжірибелі ұстазың болу керек.
Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, профессор.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.