“Қазақ — Қырғыз бір туған” сөзінің мағынасы

0
129

Қырғыз атауы алғаш рет 8 ғасырдағы Күлтегін тас жаузының «Үлкен жазу ескерткішінің» 4-шумағында «Қырық-Аз» деген атпен бөлініп айтылады. Бұл ел Хакасия жерінде болған. Хакасияның қазіргі өзегі болып тұрған Ағбан(Орыстар Абакан деп жүр) өзені ол кезде сол аталған ескерткіштің 10 шумағында Көгмен деп аталып тұрған.

Қырғыздар кейін Алатауға орныққанда Іле Алатауы мен Жоңғар Алатауының арасындағы Үйсін тауының олардың ауызында Кетпен аталып кетуі де сол тарихи ескі жұрттың аңыздық ықпалы.

Юрий Есиннің «Енисей қырғыздары мен Батыс Түрік қағанаты билеушілерінің таңба белгілерінің ұқсастығы туралы» атты мақаласында Қырғыз жұртын басқарған билеушілер мен Түрік қағанатын құрған Ашина әулетінің арғы тегі бір делінеді. Қытайдың «Жоунама» тарихында Түрік қағанатының негізін қалаған Ашина руы мен Қырғыз жерінде ұйтқы болған Ажы(Асы) әулетінің шығу тегі бір делінеді.

Онда Түріктің арғы бабасы Астың бөрі сипатты дауыл соқтырып, жаңбыр жаудыратын қасиеттерге ие екені, оның алған екі әйелінен 4 ұл туып, оның бірі аққуға айналса, екіншісі Қырық(契骨) атанып Афу(Обь) өзені мен Хиян-шүй(Енисей) өзендерін мекен етіпті. Қырық дегені қара сөзінің ескі айтылымы. Бұл сөздің ең ескі түбі қорық деген сөз болып, кейін қарға, қырық, қырым болып сан құбылып түрленген.

Қаратеңіздегі Қырымның аты, «Қырық қалалы Қырым», «Қырық сан Қырым» дегендегі «қырық» ұғымының бәрі қара сөзінің ескі айтылымдарынан ауысқан. Ең қызығы, Қырық-Аз деген атаудағыдай ақ пен қара қалай бір жүрсе, Қырының бір жағын Қаратеңіз қоршап, екінші жағын Азау теңізі қоршап жатады.

Бұған қарап Алтайдың теріскейінен шыққан жаужүрек бабаларымыздың сол жердегі киелі бабалық атауларын жаулап алған жерлеріне қатарластыра қойып жүргенін көреміз. Обь пен Енисейдің суын жинап алып ары әкеткен Әже-Ертістің Солтүстік Мұзды мұхитқа құяр жеріндегі суық қара теңізді жергілікті Неней халқы жағынан Қаре деп аталады.

Көне Қырғызды Түрік қағанатының Қырық-Аз деп бөліп қарауы Ашинамен бір текті Ажы әулеті басқарған «Қара-Ажының елі» дегені. Қырғыздар қара құсты кие тұтса, Қазақтар аққуды кие тұтқан. Қазақ халқы Түрік қағанатның мұрагері.

«Қаз бике ананың қаздай тізілген ұрпағымыз», «Ақ қаздай болып шұбырып Қазақ атанғанбыз» деген сөздер Қазақ дүние танымын шарлап жүр. Қырғыздардың қара құсты ерекше кие тұтқаны туралы Орыс саяхатшыларының жазбасы бар.

Қырғыз фольклорында «Қырық қыз» деп аталатын аңыз да бар. Мұнда қырық қыздың кіндігінен тараған ұрпақ қырық рулы ел болыпты делінеді. Мұндағы Қыз деп отырғаны да тағы сол біз жоғарыда көрсетіп отырған Ашина текті Ажы әулеті.

«Қырық рулы Қырғыз» деген қара сөзінің сол ескі қорық, қырық деген айтылымының жаңғырығынан шыққан сөз болса, қыз деп отырғаны қаз, яғни құс. Әйтпесе, нағыз Қырғыз қырық рудан емес, «Отыз ұл» деп аталатын Әдігене, Тағай, Қарашора, Құсшы қатарлы 32 рудан тұрады.

Олар Оң қанат, Сол қанат болып екіге бөлінеді. Ал, сырттан қосылған аталар «Ішкілік» саналып, «Қырық рулы Қырғыз» деген сөзді іске асыру үшін «Он ұл» деп қаралған. Олар да Оң қанат, Сол қанат болып бөлінеді. Оларды Қыпшақ, Қаңлы, Найман, Кесек қатарлы түбі Қырғыздан бөлек 12 ру құрайды.

Орыстар Қазақтың атын Қырғыз деп 103 жыл(1822~1925) күшпен бұрмалағанда, нағыз Қырғызды «Қара Қырғыз» деп айтқаны да содан.

Түркі танушы: Көкбөрі Мүбарак

«Күннен ту» кітабынан.

Фото интернеттен алынды.