“…кешке миллионер- таңертең тақыр кедей боп, жанталасқан заман”
Өзінің истаграм парақшасында Мұхамеджан Тазабеков Астанада өткен саммитке байланысты өз пікірімен бөлісті деп хабарлайд Democrat.kz.ақпараттық порталы.
“Астанада дүрілдеп саммит өтті.Бір қарасаң, қарапайым жұртқа түсініксіздеу жоғарғы тондағы жолығулар.
Ресми рәсімдер, қатаң қағидалар, қаздай қалқыған кортеждер, саяси синтездер, жұмсақ жымию, ішкі есеп,сыртқы сыпайылықтар…
Қырық қабат қулықтар мен сексен қабат сұмдықтардың бел ортасында беделі бесті аттай боп, король келтіріп, хан түсіріп жатқан Қасымжомарт Кемелұлына Құдай қуат берсін!
Әлемнің өзгергенін, басқаша қадамдар басталғанын бәріміз көріп отырмыз. Махди шығып, Иса түскенше де әлі талай шаруа жасалатынын ішіміз сезіп отыр.
Көршінің қабағына да,каналына да, талабына да алаңдаймыз. Әлемдік қауіпсіздік ғана емес, патшамыздың атын дұрыс айтқанына дейін мүдделіміз. Әрқайсысы миллиардер боп келе жатқан миллиард халық ше?!
Өзеннің арғы бетіне ғана дауласып жүрген рулық заман емес, мұхиттың арғы жағына да көз тігеміз. Трамп сүріне ме, жоқ, ақсақал траптан сүріне ме, бәрі бізге әсер етеді…
Ағылшын тұманды күні тас үйде жанған отқа қарап Шекспирді ғана оқып отырған жоқ, қазақ киіз үйде қымыз сапырып, таң атқанша сал-серіге ән салғызып “Жамбас сипарды” ғана тыңдап отырған жоқ.
Бәрі ортақ желіге байланып, мәдениеттер мидай араласып, жасанды сана жаһанға жол көрсетіп, күштілер әлсізді десерт көріп, күйеуің Рональдоның өміріне қызығып, әйелің жасарудың жаңа технологиясына бас шайқап, жастар әрі әлем аралап, әрі көп ақшаны қиналмай қалай тез табуға болатынына қиялы кетіп, таңертең иманды кешке діннен шығып, кешке миллионер таңертең тақыр кедей боп, жанталасқан, жұрт асыққан, қызыл-жасыл, қым-қиғаш, қырық құбылған бір заман басымыздан өтіп жатыр…” деп жазды Мұхамеджан Тазабеков.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.