Көршісін соққыға жыққан: Жәбірленуші өлім мен өмір арасында арпалысып жатыр

Алматы облысы Жәпек батыр ауылының тұрғыны 48 жастағы көршісін соққыға жықты деген күдікке ілінді. Зардап шеккен адамның туыстарының айтуынша, оның бас сүйегі зақымданып, бірнеше айдан бері өмір мен өлім арасында күй кешіп жатыр, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі “Алматы” телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, Бақтығали Дәулетов қайғылы жағдай болған күні танысының шақыруымен үйіне барған.
“Адам көргісіз, қан қайдан кетіп жатқанын білмеймін. Балаларға “жедел жәрдем шақырыңдар” дедім. Олар кешірім беруімді сұрады. “Балама жәрдем бер, беті бері қарасын, қалғанын сосын көреміз” дегенімде кетіп қалды”, – деді жәбірленушінің анасы Құрмангүл Абдуллаева.
Дәрігерлердің айтуынша, науқастың миы шайқалған. Бақтығали Дәулетовтің жақындары оның толық жазылып кетуі екіталай екенін айтып, налиды.
Қазір Бақтығали Дәулетовтің бір қолы мен аяғы жарамай қалған. Өздігінен дәретке де шыға алмайды. Науқастың жақындары оны ауруханаға да бірден қабылдамағанын айтады. Қазір дәрігерлер оның жағдайы орташа ауыр деп бағалап отыр.
“Науқас жансақтау бөліміне түсті. Есін білмейді, өкпені жасанды желдету аппаратына қосып, нейрохирург ота жасады”, – деді Іле ауданы орталық ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Нұрлан Әжібеков.
Қазір бұл іс бойынша сот процесі жүріп жатыр. Сотталушыға Қылмыстық кодекстің 160-бабының 1-тармағы бойынша айып тағылған. Бірақ жәбірленуші тарап істің аса ауыр санатпен қаралуын талап етіп отыр.
“Сотқа шағым түсіреміз. Істі осы баптың басқа тармағы бойынша қарастыруына өтінім береміз. Жәбірленушілерге ешкім келіп кешірім сұрамақ түгілі, кінәні мойындамады. Іс жеңіл баппен жүріп жатыр деп ойлаймыз. Өйткені жәбірленушінің және тағы бір кісінің денсаулығына ауыр зардабы тиді. Біздің таңғалатынымыз, сотталушыны бірден ұстаған жоқ, ол қашып жүріп, халықаралық іздеу жарияланды. Дегенмен оны тауып әкелген соң кепілдікпен шығара салды”, – деді жәбірленуші тараптың қорғаушысы.
Бұл іске қатысты сот қандай шешім шығарары әлі белгісіз. Дәрігер таяқ жеген азаматқа тағы бір күрделі операция қажет екенін айтты.