Көшпенділер ойыны — қазақты әлемге жаңа қырынан танытты
Көшпенділер ойындары туралы. Өскеменнен Астанаға 3-де келіп алғанбыз. Содан бері осы үлкен дүбірдің ішінде жүрміз.
Ұйымдастырушылардың ішкі кухнясын, қанша еңбегін, жас волонтерлер мен облыстардан тұтас керуен болып көшіп келіп жатқан мәдениет саласының адамдары, қарапайым жұмысшылар, қолөнершілер, құсбегі, итбегі, атбегілер, шопырлар, спортшылар, әскер, полиция, мед мамандар бәрі-бәрі тұтас организм болып шаршамай жұмыс істеп жатқанын көрген соң ба, ештеңеге қатысым болмаса да, өзімді де осы ойын үшін жауапты сезініп жүрмін.
Тіпті шаршап, ренжіп немесе қабағы түсіп жүрген волонтер немесе ұйымдастырушы көрген көрген жоқпын, бәрі өз ісіне іштей жауапты, жігерлі. Осы еңбектің бәрін жанынан көрсеңіз сіз де сөйтер едіңіз.
Қырғыздар: “біз жайлауда, далада өткізе салатынбыз”, деп жатыр ғой.
Біз деңгейді Олимпиаданың арғы жағына асырып тастамасақ та, бергі жағына таятып қойдық-ау.
Ашылу салтанатына да шетелден “крутой” режиссер шақырылмағаны байқалып тұрды. Өйткені жасанды пафос, тышқақтаған “креатив” қойылымнан таза.
Ең бастысы қазақ мекендеген даланың тарихын өзіміз көрсетіп жатқанымызды сезініп отырдым. Астана аренаның ішін бір рух кернеп тұрғандай эмоцияға жеткізді.
Спорттық ғимараттар, ипподром, этноауыл, қонақ үй, автобус тасымалы дегенді енді Астанаға бер. Бірінен-бірі өтетін неше түрлі ипподром, неше түрлі спорт сарайлары бар екен ғой. Шетелдіктер рас таң қалып жүр. Әлі көшпенді тұрмыс-салт екен деп ойлап жүргендер бар екен.
Қауіпсіздік шаралары бойынша енді әлемде бірінші орын алатын шығармыз, бір жерге кірсең зажигалкаңа дейін сыпырып алады ғой.
Этноауылда неғып бәрі шашлыктың жанына жиналып қалған десем, оттығынан айырылғандар шашылықтың шоғына тамызып темекі тартып жүр.
Дарын НҰРСАПАР, журналист.
Facebook жазбасы.
Фото интернеттен алынды.