Күлегештер қоғамның жегі құртына айналды

0
255

Кешелі бері Тұрсынбек Қабатовтың ақын Ершат Қайболдиннің арқауынан, тасадан, ернін шүршитіп, келеке қылғаны жайлы ел жазып жатыр.

Сайқымазақтар ақынды ғана емес, алып империяларды да түбірімен жойып жіберген кездер тарихта аз болмаған.

Мұндай қораш ойын-күлкі, қисық сөз, қарқ-қарқ келеке, сақ-сақ дырду… өмір сүргенге жақсы ғой. Бірақ қашанға дейін?..

…Осындайларға күліп жүріп, танымнан түгесіліп, бардан айырылып, терең ойлаудан таязданып, құрып бара жатқан сана дәстүрін бірақ ешкім айтқысы келмеді.

Айту үшін өре керек. Талғампаздық пен байқампаздық керек.

Біздегі сан ғасырлық интеллектуалды сана дәстүрін күлегештер құртқан кезде ақынның абыройына күл шашу деген не тәйірі?

«Күлегеш күле жетеді, екі етегін түре жетеді» деген қазақтың әрі анайы әрі өмір шындығынан алынған сөзі соңғы кездері жиі еске түседі.

Біз комедия көреміз, комедия түсіреміз. Көз алдымда күлдіргіштер мен күлегештер еліне айналдық.

Қазақстан — қарадүрсін комедия индустриясының алып державасы.

Оңға қарасаң, Хи-хи, ха-ха, қарқ-қарқ… Солға бет бұрсақ, сақ-сақ күлкі. Және, ең бастысы, ойсыз, арсыз күлкі…

Ғылымиятын емес, шайқы-мазағын ардақтайтын елдің ертеңінен өз басым ештеңе күтпеймін.

Дастан ҚАСТАЙ,

Facebook жазбасы.

Фото ашық дереккөзден алынды.