Қырық жыл қызын арқалап өткен ана
АЭС тақырыбы сөз бола қалса, есіме сонау 2012 жылдары Павлодар облысы, Май ауданында көзбен көрген жағдайлар есіме түседі.
«Жас Алаш» газетінде жұмыс істейміз. Газет Павлодар облысына іс сапармен жіберді. Қазақстанға танымал, «Жас Алаштың» фотографы Асылхан Әбдірайым аға екеуміз Май ауданы, ұмытпасам, Май ауылына келдік. (Төмендегі жағдайдың кейіпкерлері бұл күнде өмірде бар ма, жоқ па, білмедім.)
Бізді қарсы алған алпысты алқымдап қалған әйел төргі бөлмені нұсқап, солай қарай жүруді ымдады. Күн сәулесінен қорғану үшін бүкіл терезеге газет жапсырылған екен. Қараңғы бөлмеге көз үйрете алмай, біраз тұрдық. Кірген бөлмеде диван тұрғанын шырамытып, соның шетіне жайғастым.
Асылхан аға да сипалап жүріп бұрыштағы креслоға жайғасыпты. Бізді бөлмеге нұсқап жіберген апай (атын ұмыттым) сыртта біраз бөгелді. Кенет әлдекім сыртымнан ақырын сипап, түрткендей болды. Мысық па екен деп, арқама қолымды созғаным сол еді, денем қорқыныштан мұздап кетті.
Қолым адамның денесіне тиді. Жалаңаш қол менің қолымды шап беріп ұстап, қысып жібергенде, қорқыныштан атып тұрдым. Осы сәтте бөлмеге кірген апай да жарықты жақты. Состиып тұрған мен артыма жалт қарағанда, бойым қорқыныштан қалтырады. Сол сәттегі жадайымды тілмен айтып жеткізу қиын.
Диванда маған қарай қолын созып адамға ұқсайтын, алайда адам деп нақты айта алмайтын тіршілік иесі жатыр еді. Кішкентай 8-9 айлық бөпеге ұқсайды. Алайда бет-әлпеті 35-40 жастағы адамның түрі еді.
«Сені қорқытты ма? Жаңа ұйықтатып кетіп едім, ояныпты ғой»,- деп сөйлей кірген апай маған бажырая қараған қызын құшағына алды.
«Алғашқы полигон сынағы басталғанда, жаңадан түскен келін едім. Ата-енеміз бомба жарылғанда, «тығылыңдар!» деп шапанның астына жасыратын бізді. Жаспыз ғой, жарылған бомбаны көргіміз келіп, шапанның шетінен сығалап қарайтынбыз. Сынақ бомбаларының жарылғанын көзімізбен көрдік»,-деген апай балаларының ішінде осы Алмагүлі осындай жарымжан болып қалғанын айтты.
«Мәңгілік бала бейнеде қалды қызым. Биыл жасы 40-қа келеді. Әлі күнге тамағын беріп, туалетке арқалап шығып, кәдімгі бөпе сияқты бағып отырмын»,- деген апай сол кезде ауылдарында мүгедек баланың аз емесін айтып еді.
Анасының құшағында бізге жәудірей қарап отырған Алмагүлдің сол күнгі кейпі… Жүректі жұлмалап, жаныңды ауыртатын көрініс еді.
Тымырсық ыстық күннің астында Асылхан аға екеуміз көше бойлап жүріп келеміз. Шаңқай түстің уақыты болған соң ба, ауыл көшесінде қыбырлаған жан жоқ. Бір көшеден бұрыла бергенде алдымыздан құлдырыңдай жүгіріп шыққан 4-5 жасар ұл бізге бажырая қарап тұрды да, іле-шала жерден тас алып, бізге қарай ата бастады.
Ол бізге қарағанда байқадым, бой-тұрпаты 4-5 жасар баланыкі болғанымен, бет-жүзі 20-30 жасар ересек жігіттікі еді. Бізге тас атқылаған ол баланың аты ұмытпасам, Аманғали еді. «Құрыңдар, келмеңдер!» деп айғайлаған сол баланың үніндегі ренішті сезбеу мүмкін емес еді.
«Ауылымызға осы мүгедектерді көруге, олар туралы айтып, жазуға көп журналист келді. Суретке түсіріп кетті. Сондайда Аманғалиды қинап суретке түсіретін. Себебі ол суретке түскенді жек көреді. Өйткені әр суретке түсіргенде «саған жәрдем береді, сен де басқа балалар сияқты боласың» дейтінбіз. Әбден алданғанын білген Аманғали фотоаппарат асынған адамды көрсе, осылай ашуланатын болды қазір»,- деді оны танитын бір кісі.
Сол күні Алмагүлдің бізге қараған көздері мен Аманғалидың атқан тастары тұтас адамзатқа жаудырған қарғыс, лағынетіндей көрінді маған. АЭС, полигон, атом, ядролық жарылыс дейміз ғой. Иә, экономикалық тұрғыдан пайдасы бар дүниелер шығар. Алайда миллиондаған кісінің бүгінге дейін кеңес дәуіріндегі полигон сынақтарынан болған жарасы қансырап тұрғанда, адамнан артық АЭС бар ма дегім келеді.
Жаңа туған сәбиіміз бір жасқа келгенше әбіржіп, оны бағудан шаршап-шалдығамыз. Ал Алмагүлді анасы 40 жыл бойы арқалап, әр күні азаппен өтті. Қырық жыл бойы балаңды қасықпен тамақтандырып, арқалап жүріп туалетке отырғызу…
Бұл қазақтың басқа қасіреті ааз ба, еді? Сол баяғы ресейліктер жерімізге АЭС салса, оның азабын қазақ халқы қанша ғасыр арқалайды? Басты сұрақ — осы.
Автор — Меруерт ХУСАИНОВА.
Democrat.kz.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.