«Қыздардың пәктігі» туралы деректер жарияға шығып кеткен

0
370

ҚазҰУ студенттерінің жеке медициналық деректері жарияға шығып кеткен. Бұл туралы «Qumash» телеграм-каналы ақпарат таратты деп жазады Democrat.kz ақпараттық порталы. 

Мехмат факультетінің What’s app тобында 190 адамның аты-жөні, ЖСН нөмірі мен телефон нөмірі көрсетілген дәрігерлік тізім тараған.

Бұл тізімде студенттердің жеке деректерінен басқа, 1-4 курс студент қыздарының дәрігерлік тексеру барысында «пәк» немесе «қыз емес» болып шыққан қорытындысы да бар екен. Бұл ақпарат кімнің қолына қалай түскені белгісіз. Десек те, интернетке мейлінше тарап кеткені сөзсіз.

Жоғары оқу орны өкілдерінің айтуынша, аталған тізімді медициналық қызмет көрсететін мекеменің қызметкері жіберген.

2024 жылғы 6 ақпанда университетке келісімшарт негізінде медициналық қызмет көрсететін «Smart Health University City» ЖШС медбикесі What’s app мессенджері арқылы механика-математика факультетінің флюорографиялық зерттеуден өтпеген 3-4 курс студенттерінің Excell форматындағы құжаттарын факультет деканатының маманына жіберді.

Алайда берілген құжаттарда студенттердің тегі мен аты-жөнінен басқа, медициналық құпияға қатысты мәліметтер де болған. Кейіннен университет студенттеріне қатысты дәрігерлік құпияны құрайтын дербес деректер мен мәліметтер мессенджерлер арқылы тарап кеткен, — делінген хабарламада.

ҚазҰУ баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы факт бойынша 2024 жылғы 14 ақпанда университетте қызметтік тексеру тағайындалған.

Сонымен қатар Алматы қаласының прокуратурасына осы факт бойынша прокурорлық әрекет ету шараларын қабылдауды және студенттердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуді сұрап өтініш жолданды. Университет «Smart Health University City» ЖШС-мен шартты бұзу туралы мәселені қарастыруда, — делінген хабарламада.

Министр Саясат Нұрбек не дейді?

ҚазҰУ «Smart Health University City» ЖШС-мен келісімшартты бұзу мәселесін қарастыруда.

Мәселе бақылауға алынды, өйткені мұнда тікелей бұзушылық бар. Кінәлілер қолданыстағы заңнама аясында жазаланады деп күтілуде. Жеке деректерді қорғау туралы заң бар. Бұл жерде әкімшілік құқық бұзушылық туралы сөз болуы мүмкін, — деп атап өтті Саясат Нұрбек.

Ол мұндай ақпарат жеке мәліметтерге деген салғырттық екенін айтты.

Бұл мәселені заңнамалық тұрғыдан қатаң реттеу қажет екенін мойындау керек. Жалпы, бұл мәдени мәселе. ЖОО-да осындай фактілер бар екені өкінішті. Жеке деректер өте құпия ақпарат болып табылатыны туралы қатаң заңнамалық қатаң императив болмайынша, мәдениет өзгермейді, — деп түйіндеді министр.

Фото ашық дереккөзден алынды.