«Ливерпульда» жаңа бас бапкер

0
108

Англиялық «Ливерпуль» футбол клубына жаңа бас бапкер тағайындалды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ «Ливерпульдің» Instagram желісіндегі ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қаңтарда команданың бас бапкері Юрген Клопп қызметінен кететінін мәлімдеген еді. Ол клубпен келісімшартын ұзартпайтынын айтты. Клопп 2015 жылдан бері «Ливерпульдің» бас бапкері қызметін атқарды.

Оның арқасында команда тоғыз жыл ішінде жеті титул жеңіп алды. Клопптың жетекшілігімен «Ливерпуль» отыз жылда алғаш рет Англия Премьер лигасының чемпионы болды және Чемпиондар лигасының кубогын иеленді.

Енді Юрген Клопптың орнына голландиялық маман Арне Слот команданы жаттықтырады. «Арне Слотт жұмысқа рұқсат алған жағдайда 2024 жылдың 1 маусымынан бастап бұл лауазымға ресми түрде кіріседі», — деп хабарлады «Ливерпульдің» баспасөз қызметі.

45 жастағы Слот «Фейеноорд» клубына жетекшілік еткен. Осы командамен Голландия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды, жергілікті ұлттық кубокты еншіледі және команданы Конференция лигасының финалына шығарды.