Лудоманды қалай емдейді?
Көбіңіздің осындай бір танысыңыз бар болар. Азарт деген адамның ең осал тұсы болса керек. Лудомания дертіне ұшарасаң – тіпті қиын. Өзіңді тоқтата алмайсың. Ақша іздеп, «енді ұтам, енді ұтам»-мен өзіңді де, өзгені де алдап, қарызға белшеден батып, өзіңнің де, отбасыңның да берекетін алып боласың деп жазады Democrat.kz. Ақпараттық порталы Қаржылық сауат Телеграм арнасына сілтеме жасап.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бастаған топ лудоманияға және заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрес шараларын қамтитын құжат әзірлеуге бекініпті. Құмар ойындардың тұзағына түсіп жатқандардың дені – жастар дейді.
Egemen.kz Денсаулық сақтау министрлігінің былтырғы қыркүйек айындағы дерегін мысал етеді. Онда 36 мыңнан астам қазақстандықтың құмар ойынға тәуелді екені тайға таңба басқандай көрсетілген.
Лудоманды қалай емдейміз?
Осыған қатысты әлеуметтік желілердің бірінен Ерлан Оспанның пікірін көз шалды. Оның тұспалдауынша, лудоманды құмар ойындардан аластауда методикалық қате бар. Яғни, көбіне логика арқылы аластауға тырысады, ешқашан ұтпайтынын математикамен дәлелдеп бағады. Автордың тағы бір қате деп есептейтін тұсы – лудоманды міндетті түрде науқас деп тану екен.
Меніңше, лудоманды жиілігі аз бәстерге үйреткен дұрыс сияқты. Мысалы, апта сайынғы ұтыстарға, лотереяға. Лотереяда ұтыс комбинацияларын бірге зерттеп, жиі түсетін нөмірлерді бірге іздесең, екі-үш айдан соң лудоман мұның ақымақтық екенін аңғара бастайды. Ұтыстың тым рандом нәрсе екеніне көзі жетеді. Мысалы, соңғы отыз ойында екі саны жиі түскенмен, позициясы келмей қалады. Осындай жазбалар бірнеше шақырым excel-файл болады. Сол файлға қарап, адам бәстің қандай ақымақтық екенін бір күні ұғады. Бәсқаққан біреуге жартылай тексеріп көрдім: кейін тіпті ойнамай кетті — дейді автор.
Бұл жерде әңгіме лудомандар жайында болып отыр. – Ермекке ойнайтындар туралы емес, – деп шегелей түседі жазба иесі. – Ермекке ойнайтындардың түк зияны жоқ, тіпті пайдасы да бар кейде (несиесін жаба қояды, қарызын қайтарады; ондайлар да көп).
Сіздің ойыңыз? Лудомания дертіне шалдығып, кейін айыққан қандай да бір оқиғаны білетін болсаңыз, жазыңыз. Әр оқиға біреуге сабақ болары хақ.
Фото ашық дереккөзден алынды.