«Мәйітін жуғанда, шыдай алмадым» дейді Аватхан Қапсаламов

0
1505

Қаңтардың тағы бір құрбаны… 35 жастағы алматылық Әуез 5 қаңтарда жұмысқа кетіп, қайтып оралмаған. Әкесі ұлын төрт күн іздеп, мәйітханадан тапқан.

— Балама оқ екі жерінен тиген. Бірі — тура жүрек тұсында, екіншісі — иықтан. Денесінде көгерген із өте көп болды. Мәйітін жуындырғанда шыдай алмай шығып кеттім, — дейді әкесі Аватхан.

Әуез Алматы облысындағы ауылда пластик шығаратын цехта жұмыс істеген. Ата-анасымен бірге ауыл іргесіндегі саяжайда тұрған. «Үйленемін деп, үй салуға ақша жинап жүрген. Баламның арманы көп еді» дейді анасы.

— Маған оңай тимеді баламның кеткені. Тоқтай алмай жылайтынмын. Қайта қазір кішкене қойдым. Бәріне де адам көнеді екен. Итті де атса қазір заң бойынша сотталады ғой. Адамды атып отыр. Ешкім келіп қалымызды сұраған жоқ. Ешкім келіп кешірім де сұраған жоқ, — дейді анасы Айгүл.

Әуездің өліміне байланысты сот 18 желтоқсанда басталды. 55/71 әскери бөлімінің подполковнигі Айтжан Әубәкіров күдікті деп танылған.

Ол сотта «қару қолдануға мәжбүр болдым» деді. Айыптау актісінде марқұмның өлерінен бұрын соққыға жығылғаны айтылады. Бірақ тергеу оны кім ұрып-соққанын анықтамаған.

Аян ҚАЛМҰРАТ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото автордың парақшасынан алынды. 

Толығырақ Есдәулеттің видеосынан көріңіздер: https://www.youtube.com/watch?v=agY6T1a69TA&t=65s