Министр Ғани Бейсембаев «случайно кісілермен» жиын өткізбек

0
871

Оқу ағарту министрлігі  «Мақсатты мектеп» жобасын талқылау, түсіндіру мақсатында алқалы жины өткізбек  жазады Democrat.kz. 

Министрліктің мұндай жиын өткізбек болған жоспарын әлеуметтік желіде мұғалімдер хабарлады. Сондай-ақ бұл жиынға министрлік санаулы, таңдаулы мұғалім шақырылғаны мәлім болды.

«Мақсатты мектеп» жобасын мұғалімдермен бірге талдап-талқылап, түсіндірме жұмысын жүргізгісі келген министрліктің жалпы ниеті дұрыс дер едік, егер…

Иә, егер әлгі жиынға дәл қазір бала оқытып жүрген мұғалімді шақырса, Оқу ағарту министрлігі тура жолда деуге болар еді. Өкінішке қарай, министрліктің шақырту тізімінде «қоғам қайраткері» деген атақпен зейнеткер, жұмыссыз кісілер мен блогерлердің аты-жөні өріп жүр. Бұл қалай?

Министрлік «Мақсатты мектеп» жобасын бұл мәселеге түк қатысы жоқ кісілермен қалай талқыламақ? Әлде талқыланды деген «галочка» қажет пе?

Мұнан бөлек, аталмыш жиынға аймақтардан мұғалімдер де шақыртылыпты. Өкінішке қарай, шақырту алған ол мұғалімдердің көбісі жиынға барудан бас тартып отыр. Мысалы, белсенді ұстаз Айнұр Сабыр:

«Министрлікке шақырылғандардың тізімінде бармын, бірақ тізімдегі кейбір «случайно» жүргендерді көріп, бұл отырысқа күмәнмен қарадым.

Ғани Бейсембаев мырза, баланың алдында сабақ өткізбейтіндер бұл отырыстың шырқын кетірген екен.

Бұлар нысаналы мектептің не екенін білмей жатып, бастарынан өткізбей тұрып, әлеуметтік желіде «бұл тамаша жоба» деп, аузын ашып, көзін жұмып ода арнап, құр мақтап отырғандар.

Оралдан 120 мың теңгемді балаларымнан жырып, ұшақпен барғанымда менің уәжімді тыңдайтын адамның жоқ екеніне қынжылып қайтуды жөн көрмедім.

Бұл жобаның алдын ала дайындалған «разработанный планы» да жоқ қой?!

Модулі бір басқа, тестіде аттестацияның дайын сұрақтары, оқытқан курсы пәндік курстың дайын материалы болды.

Ал мына тізімдегі «случайныйлар» бұның бірін де көрмей, уәж айтқан бізге аузымызға қақпақ қылуға шақырылған ба?

«Тең-теңімен» неге шақырылмаған?

Нысаналы мектептің сауытын кигендер ғана уәж айтуға құқылы. Қалғаны көршінің үйіндегі әңгімені сөз қылғандармен бірдей», — деп жазба қалдырды.

Осыған ұқсас жазбаны белсенді ұстаз Өмір Шыныбекұлы да жазып, «бұл жобаны талқылауға қақысы жоқ кісілер қатысатын жиынға бармаймын» деп мәлімдеді.

 

 

 

 

 

 

 

 

Дайындаған — Хақназар САДЫРХАН.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.