«Министр мырза, оқушыға тегін тамақ бермей-ақ қойыңызшы!»

0
413

Биыл бір айдың ішінде мектеп асханасынан тамақ ішкен оқушының улану жағдайы екі рет болды. Екі жағдай да батыс аймақтарда орын алды деп жазады Democrat.kz. 

Екі жағдай да Маңғыстау облысында болып, жүздеген баланың денсаулығы зардап шекті. Мектеп асханасында оқушыларды тегін тамақпен қамтамасыз ету жұмысы іске қосылған күннен бері қаншама бала астан уланды.

Өкінішке қарай, бұл жағдай тоқтамай тұр. Баланың денсаулығы бәрінен маңызды екенін ескерсек, мұндай тегін тамақтың керегі бар ма деген сұрақтың құлағы қылтияды. Осы сұрақпен бірнеше азаматты сөзге тартып көрдік.

Айжамал СҰҢҒАТОВА, (аты-жөні автордың өтінішімен өзгертілді) Алматы қаласының тұрғыны: «Ұл-қызымның мектеп асханасынан тамақ ішпеуін қатты қадағалаймын. Себебі кезінде өзім мектеп асханасында жұмыс істегенмін. Ол жерде тамақ қалай дайындалатынын жақсы білемін.

Базардан алған ең арзан азық-түлік, бүлінуге жақын көкөністерден әйтеуір құрастырып тамақ жасайтынбыз. Неге? Себебі әр баланың бір күндік тамағының құны -300-400 теңге шамасында белгіленген еді сол жылдары.

Ал биыл бұл баға — 580 теңге болыпты. Енді ойлап көріңіз, 580 теңгеге құнарлы, сапалы қандай тамақ ішуге болады? Ол 580 теңге түгел мектеп асханасына жетсе, жақсы.

Жол-жөнекей жымқырылып, жырым-жырым болып ең болмаса, 200-300 теңге болып келсе, қуану керек. Ал енді осыдан кейін мектеп асханасы оқушыға қандай тегін тамақ беріп жатқанын саралай беріңіз».

Мардан ЕСБОЛАТ, Түркістан облысының тұрғыны: » Балаларым мектеп асханасының тамағын мүлде ішпейді. 2 сыныпта оқитын қызым тіпті мектеп асханасынан ас ішіп, бір-екі рет ұшынып, ауырған еді. Содан кейін үш балама да жейтін тамағын сөмкесіне салып жібереміз, болмаса сатып алуына ақша береміз. Мектеп асханасындағы ас-суға сенімнен гөрі күмән көп».

Ділмахамбет МЫСЫРҰЛЫ, Жамбыл облысының тұрғыны: «Кезінде мектепте күзетші болып жұмыс істедім. Талай рет көрдік қой, бүгіннен қалған тамақты ертесіне балаға ысытып қайта беретіндерді.

Қазір екі балам мүмкін болса, үйден тамақтанып барады. Үлгермей қалса, қалталарына ақша салып беремін. Мектеп асханасында ақшасын төлеп, сатып алсаң, тәуір бәліш алып жеуге болады. Министр өзін де, жұртты да алдамай, баламыздың денсаулығымен ойнамай, ең дұрысы — тегін тамақ дегенді тоқтата салсыншы.

Мектептің тегін тамағын ішіп, денсаулығы зиян шеккенше, баламыз үйден нанға май жағып апарып жесін.

Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ, Алматы қаласының тұрғыны: «Бастауыш сыныптағы ұлым мектеп асханасының тамағын мүлде жемейді. Меніңше, осы «тегін тамақ» дегенді алаулатып-жалаулатпай, қоя салу керек. Бұл -«оқушыға тегін тамақ беріп жатырмыз» деп бюджеттің ақшасын опырудың бір түрі ғана.

Кез келген мектеп асханасында жасалып жатқан тамақ 100 пайыз сапалы азық-түліктен  талапқа сай дайындалып жатқанына сенбеймін. Оны тексеріп жатқан да ешкім жоқ. Осы тегін тамақ деген іске қосылғалы астан улану жағдайы неге жиіледі?

Себебі «арзанның сорпасы татымас». Сіздер арқылы, министр Ғани Бейсембаевқа «министр мырза, оқушыларға тегін тамақ бермей-ақ қойыңызшы!» дегім келеді. Қиын заман емес қой, әр ата-ана баласының аш қалмауын қамтамасыз ете алады деп ойлаймын.

Тендер мен бюджеттің ақшасынан қылғытатын құлқынын ғана ойлайтындар баланың денсаулығы үшін бас ауыртпасына көз жетті. Бір айда жүздеген баланың мектеп асханасындағы тамақтан улануы — «тегін тамақтың» баламызға пайдасынан зияны көп екенін көрсетпеді ме?»

Дайындаған — Хақназар САДЫРХАН.

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.