Мұғалімдер жалған жарнама жасап ақша тауып отыр ма?

0
447

Әлеуметтік желі қолданушы Әсел Қайролла Шымкент қаласында мұғалімдер оқушыларын Түркиядағы университеттерге оқуға түсуге шақырып, түрлі жарнама жасап жатқанын айтуда деп жазды. Өз жазбасында ол мұғалімдердің жалған жарнама жасағанын да айтады деп хабарлайды Democrat.kz ақпараттық порталы Әсел Қайролланың парақшасына  сілтеме жасап.

“Қазір ғана бір құрбым хабарласып жатыр, Шымкентте сіңлісі оқитын мектептерде мұғалімдердің өздері оқушыларға қайта-қайта айтып, Түркияда Докуз Ейлюль университетіне тіркелу жүріп жатыр, деп ақша мен құжкттарын жинап жатыр екен. “Университет құжат жинап жатқаны рас па?” деп менен сұрайды.

Университет сайтына кірсем, ондай еш ақпарат жоқ. Аталған университет құжат қабылдап жатқан жоқ.

Демек, мектептің басшылықтары не мұғалімдері оқуға түсіретін бір агенттікпен бірлесіп, бірге ақша тауып отыр деген сөз.

Ал, Докуз Ейлюль университеті Түркияда ТОП университеттер қатарына кіргенмен, шетелдіктерді парамен қабылдауымен де аты шыққан университет. Пара беріп түсуін түскенмен, оқу оңай емес. Қиындыққа шыдамай, бірінші семестрден кейін-ақ оқуды тастап кететіндер көп.

Екіншіден, Түркия Қазақстан емес, пара бергенің анықталып ұсталсаң, әсіресе, шетелдік болсаң жазаң ауыр. Депортпен құтылсаң шүкір. Абай болыңыздар” деп жазады Әсел Қайролла.

“Жалпы, шетелге, әсіресе Түркияға оқуға түсіретін компаниялардан жылда мыңдаған студент алданып, елге қайтып жатады.

Журналистік зерттеу жасаса, кәдімгідей үлкен скандал шығады, Almagul апай да куә.

Бұл бизнесте көп компания “ақысы жылына 300 мың теңгеден басталатын оқуға еш емтихансыз түсуге кепілдік береміз” деген жемтікпен жинайды.

Алданатындар да еш қиналмай арзан дүниеге ие бола қалғысы келетіндер. Әйтпесе, сыни ойлау қабілеті бар, есі дұрыс, саналы адам жақсы университет сапалы студент таңдайтынын түсінеді ғой”,- деген Әсел Қайролла ұстаздар мен оқушыларға кез келген жарнамаға сақтықпен қарауға шақырады.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.