Мұғалімдерді жынды қылу тоқтаусыз жалғасуда

0
2444

Оқу жылы басталысымен түрлі тест, жоба жұмыстарымен шапқылаған мұғалімдер туралы күн сайын жазудамыз десек, артық болмас. 

«Нысаналы мектеп» деген жобамен бас ауыртқаны аздай, енді Оқу ағарту министрлігі түрлі деңгейдегі тесттерді тапсыртып, мұғалімдердің сілесін қатыруда.

Мәселен, «Мақсатты мектеп» жобасының тест тапсырмалары сау адамды жынды қылатыны туралы өзінің Facebook парақшасында білікті ұстаз Мира Барказатқызы:

“Мақсатты мектеп” тапсырмаларының базалық деңгейіндегі тест тапсырмалары сау адамды жынды қылады. Мұғалімдер тобында талдап отырмыз ғой.

Дұрыс жауапты бассаң, бал жинамайсың, дұрыс емес жауапты таңдасаңыз, балыңыз бірден көтеріледі. Ал мұғалімдер балл жисақ өтеміз деп, дұрыс емес жауаптарды таңдап отыр. Менде екі түрлі күдік бар:

— тест тапсырмаларының дұрыс жауаптары ауысып кеткен;

— әдейі теріс жауапты дұрыс деп белгілеп, мұғалімдерді жаңылдыру керек; сол арқылы мұғалім өзіне (біліміне) деген сенімін жоғалтып, басшыға тәуелді болып, кіріптарлыққа ұшырайды.

Мұндай тәсілдер — ежелден билікқұмарларға керек тәсілдер. Бұл жоба оқушы үшін емес, мұғалім үшін жасалған, әдейі қисық жасалған.

Мұғалімдерді Тамара Дүйсенова ханым айтқандай жұмыстан шығару үшін жасаған. Ондай болса, мұғалімдер аттестациядан не үшін өтеді?!» деп жазды.

Аталмыш тестің экран көшірмелерін де жариялаған Мира Барказатқызы ақыры мынадай тестерді тапсыртатын болса, мұғалімдерді аттестациядан не үшін өткізді дейді.

P.S Соңғы уақытта білім саласында болып жатқан мынадай «реформаларға» қатысты Оқу ағарту министрлігіне бір ғана сұрақтан тұратын тест тапсырмасын ұсынғымыз келеді.

Мұғалімдердің сабақ өтуіне мүмкіндік бермей, түрлі тест тапсыртып, түкке керегі жоқ жобалармен шапқылатып, бітпейтін құжаттармен алыстырудағы мақсаттарыңыз не? 

а) қоғамды жаппай сауатсыздандыру

ә) мұғалімнің біліміне сенімсіздік

б) тест тапсыртудан ләззат аламыз

в) мұғалімді мектептен бездіру

г) жемқорлықтан «алған» бірінші орнымызды сақтап қалу.

Оқу ағарту министрлігі мен министр Ғани Бектайұлының бұл тест тапсырмамызға қатысты жауабы немесе ұсынысы болса, Democrat.kz. сайтында жариялауға әзірміз.

Дайындаған — Мәриям КЕНЕСАРЫ.

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.