“Мұғалімді қорлағанды қою керек, Ғани Бейсембаев мырза!” дейді белсенді ұстаздар

0
825

Әлеуметтік желі, ақпараттық құрал біткен дәл қазір Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа қатысты материалдарға сықиып толып тұр. Бұған дейін де бұл министрдің аты күнделікті жаңалықтардан түсе бермейтін деп жазады Democrat.kz. 

Әйтсе де, соңғы 3-4 күнде министр Ғани Бейсембаев туралы интернетте көптеп материал кездестіруге болады. Себебі Семейде мұғалім қала шыршасын құру кезінде биіктен құлап, ауыр жарақат алды.

Бұл оқиғаға қатысты басқа мұғалімдер “министр мұғалімді, оны жұмсаған мектеп басшысын қорғауға тиіс” деп өре түрегелді. Алайда мұғалімдер күткендей болмады, министр шырша құруға берілген негізгі бұйрық иесіне тісі батпай, мектеп директоры мен Семей қалалық Білім бөлімін жазалаумен шектелді.

Министрдің бұл әрекеті ұстаздардың ренішін тудыруда. Мысалы: “Биіктен құлаған мұғалім бас жарақатын алыпты. Бас ми сүйегін ауыстыратын операция жасалған. Бұл үнемі жаны қыл үстінде жүреді деген сөз, пластмасса қап, шыршаның ойыншығы секілді сынғыш келеді. Жұмсаған директор кінәлі дейді. Директор ғана ма?!

Директорлар биліктен қорқады, боқтап жатса да жалпақтап өледі ғой, айқайлап жатса да, сүмірейіп тұрады. Кресло мықты, жейтін ақшасы тәтті.

Министр мықты болса, директорларын қорғар еді. Қорғай алмайды. Қазақ жау кеткен соң қылышыңды б…а шап дейді ондайды. Бұл елде заңның бар екенін дәлелдеу үшін биіктен құлау керек, не өлу керек. Жол апатын мойындамайды. Одан басқасы болмаса, министр қорғамайды, қудалайды”,- дейді білікті ұстаз Мира Барказатқызы.

Ал осы мәселеге байланысты белсенді мұғалім Айман Сағидулла: “Мұғалімді қорлағанды қою керек. Ғани Бейсембаев! ББ басшысын жұмыстан шығартқаныңызбен  мәселе шешілмейді. Тікелей жауапты – сізсіз.

Мектепті , мұғалімді  әкімдерден қорғай алмай отырсыз.

Мынадай сұмдықтан соң қалай министр боласыз?

Орныңызды босатыңыз, қолынан іс келетін  адам отырсын ол орынға!” – деп жазды.

Дайындаған – Мәриям КЕНЕСАРЫ.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.