Мыңдаған әйел наразылық шеруіне шықты

0
129

Үндістанда дәрігер әйелдің зорлық көріп, өлтірілуіне байланысты он мыңдаған әйел наразылық шеруіне шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды. 

Наразылық шаралары дәрігер өлтірілген күннен, 9 тамыздан бері жалғасуда, бірақ Калькуттадағы ең ірі шеру 14 тамыздан 15 тамызға қараған түні өтті.

9 тамыз күні таңертең ерте Калькутта ауруханасының 31 жастағы дәрігері ауыр ауысымнан кейін ауруханада ұйықтап қалған. Сол күні ауруханадан дәрігер әйелдің ауыр жарақат белгілері бар және жартылай жалаңаш денесі табылды.

Полицейлер күдікті ретінде аурухана ерікті болып жұмыс істеген ер адамды тұтқындап, қылмыстық іс қозғады. Кейін бұл іс федералдық тергеу бюросына берілді. Қылмыс 138 жылдық тарихы бар Үндістанның ең көне ауруханаларының бірі RG Kar Medical College медициналық колледжінде орын алған.

Осыдан кейін Үндістан азаматтары дәрігерлерге, әсіресе әйел дәрігерлерге қатысты зорлық-зомбылық пен қатыгездік мәселесін көтере бастады. 14 тамыздан 15 тамызға қараған түні Үндістанда әйелдердің ең үлкен шеруі өтті. Бейбіт наразылық акциясы бірнеше қаланы қамтыды. Ең үлкен шеру Калькутта қаласында өтті, оған ондаған мың әйелдер мен ерлер қатысты. Олар плакаттар, алаулар мен Үндістан туын алып шыққан.Түнгі наразылықтар Дели, Хайдарабад, Мумбай, Пуна қалаларында да өтті.

Калькуттада бүкіл қаланы қамтыған шеру кезінде әйелдер қол ұстасып, «Біз әділеттілік талап етеміз» деп ұрандады.

Қала көшелеріне шыққан әйелдер отбасындағы зорлық-зомбылық, жұмыста қудалау және әйелдер мен ерлердің жалақысының бірдей болуы туралы мәселелерін көтерді. Сондай-ақ шерушілер мемлекеттен дәрігердің өлімін әділ әрі жан-жақты тергеуді талап етті.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.