Нағыз қазақ жігітін оқытып-тәрбиелемек
Бүгін «Бәйтерек» монументінің алаңында «Кемел жігіт-күйеу бала» Ұлттық зияткерлік курсының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Іс-шараны Астана қаласы әкімдігі Дін істері жөніндегі басқармасы және Діндерді зерттеу орталығымен бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
—Зияткерлік курстың атауының өзі маңызды. Әрбір жас — болашақ әке мен болашақ ана. Халқымыздың сан түрлі салт дәстүрлерінің құндылықтарын ұмытпау керек. Имандылықты бойымызға сіңіруден бөлек, тәнімізді шынықтыру арқылы кемелдікке қол жеткізуге болады. Бүгінгі сапарға шыққалы отырғандарға ақ жол тілеймін, — деді «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы — Нұрлан Байжігітұлы.
Курс барысында теориялық және практикалық сабақтар өткізіледі. Теориялық сабақтар «Қазақ тарихы мен дәстүрлері», «мақал-мәтелдердегі ұлттық тәрбие», «жігітің үш жұрты» бағыттарын қамтиды.
Практикалық сабақтар жасөспірімдерге мал сою, оны жіліктеу, тұздау, үйіту әдістемесі, ет турау, табақ тарту, жылқы жануарының қасиеттері, ат әбзелдерімен танысу, атқа міну және садақ ату және т. б. сияқты дәстүрлі дағдыларды тәрбиелеуге арналған.
Фото ашық дереккөзден алынды.