«Нысаналы мектеп» жобасы: Курсқа бармаған мұғалім жұмыстан қуыла ма?
Мыңдаған мұғалім тіркелген әлеуметтік желілердің бірінде «Нысаналы мектеп» жобасына қатыспаған мұғалім жұмыстан шығарылатыны туралы ақпарат жарияланды деп жазады Democrat.kz.
Былтыр екі тоқсан бойы қазақстандық мұғалімдерді әбігерге әбден салған «Нысаналы мектеп» жобасына қатысты жаңалықтар қайта бой көтерді.
Жоғарыда сөз еткен мыңдаған мұғалім отыратын әлеуметтік желілердің бірінде «бізге «Нысаналы мектеп» жобасының курсын оқисыңдар деп жатыр», «жобаның курсына бармағандардың санатын түсіреміз деп жатыр», «жобаның курсын оқымағандарды жұмыстан шығарамыз деп жатыр» дейтін хабарламалар жиілей бастады.
Онсызда білім саласында 1937 жылғы зобалаңның елесі кезіп жүргенін ескеріп, бұл хабарламалар қай аймақтан келіп жатқанын, нақты кімнің жазып отырғанын көрсетпеуді жөн санадық.
«Нысаналы мектеп» жобасы бойынша курс оқымаған, жалпы осы жобаға қатыспаған мұғалімге қысым көрсету заңсыз әрекет саналатынын басқа емес, Оқу ағарту министрлігінің ресми өкілі Ернұр Дәуенов бірнеше рет қайталап айтқан.
Ернұр Дәуеновтің осы сөздерді айтқан видеолары қолымызда.
«Нысаналы мектеп» жобасының курстарын оқымаған мұғалімді нақты осы себеппен жұмыстан шығару — заңға қарсы әрекет және Президенттің саясатына тікелей қарсылық таныту емес пе?
Бұл сұрағымызды заңгерлерге жолдадық. Алдағы уақытта заңгерлердің жауабын міндетті түрде жариялайтын боламыз.
Ал білім саласының үздік маманы, білікті ұстаз Мира Барказатқызы осы сұраққа баййланысты:»Нысаналы мектеп Жобасы» айқын, заңды болса, мұғалім жұмыстан қуылмайды.
Бұл Жобаның ғылыми негізі болса, жасаушылар айтылған сынды қабылдап, Жобаны толықтырып, жаңалап, қалың мұғаліммен бірге талқылар еді.
Орынсыз тексеру, жүйесіз тапсырма беру, тест тапсыра алмаған мұғалімді «жұмыстан шығарам» деп қоқаңдау, «айтпай, сабағыңа кірем деп» қорқыту, үркіту — бәрі заңсыз.
Бұл әрекеттер бәрінен де білім алушыларға зиян. Оған қыркүйек, қазан, қараша айларында сабақ өтпей, тест тапсырып күйзелген мұғалімдер куә», — дейді.
Дайындаған — Мәриям КЕНЕСАРЫ.
Фото көрнекілік үшін.