Оқушы қыз зорланып, сәби босанып жатқанда омбудсменнің орны бос тұрған

0
144

Түркістан облысында оқушы қыз зорланып, сәби босанып жатқанда өңірдің бала құқықтары жөніндегі омбудсменінің орны бос тұрған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Журналистің «Келес ауданында зорлық-зомбылық салдарынан 13 жасында бала босанған оқушы туралы өңірдің жауапты тұлғалары неге дабыл қақпаған?» деген сұрағына Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова жауап берді.

Айтуынша, Түркістан облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі декреттік демалыста болған.

«Оның орнында ешкім болмаған. Оған жергілікті атқарушы билік жауапты, яғни бұл тиісті шешім шығаратын өңір әкімінің міндеті», — дейді Насымжан Оспанова.

Бұған дейін Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Келес ауданында зорланып, бала босанған 13 жастағы қыздың жыл басынан бері мектепке бармағанын хабарлаған еді.

«Мектеп директорының орынбасары жағдай туралы хабардар болғанына қарамастан, ешқандай шара қолданбаған және жағдайды кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға жібермеген», — деді Динара Зәкиева.

Насымжан Оспанова зорлық көрген қыз қазір психологиялық көмек алып жатқанын айта келе, Түркістан аймағында балалардың құқығы жиі бұзылатынын атап өтті.

«Бұл аймақ ерекше назарға алынған, себебі еліміздегі балалардың 25 пайызы Түркістан облысында тұрады. Өкінішке қарай, осындай фактілер басқа өңірлерге қарағанда осы аймақта жиірек кездеседі», — деді ол.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.